×

ОСК Қарақат Әбденді президенттікке кандидат ретінде тіркеді

Қарақат Әбденнің қолдауына 125 314 азаматтың қолы жиналған

 Халық үні 19.10.2022 | 12:33
Фото: ашық дереккөз

Қарақат Әбден Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде тіркелді. Бұл туралы орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында хабарланды.

«Президенттікке кандидат Қарақат Әбденнің қолдауына Қазақстанның 15 өңірінен 125 314 азаматтың қолы жиналды. Оның ішінде 120 158-і тексеріліп, 118 418-і рас деп танылды. Орталық сайлау комиссиясының 2022 жылдың 26 қыркүйектегі қаулысымен белгіленген ҚР президенттігіне кандидатты қолдау үшін рас қолдардың қажетті санының 118 273-тен кем болмауына байланысты тиісті қолдарды одан әрі тексеру тоқтатылды. Қарақат Әбденді президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажетті барлық құжат Орталық сайлау комиссиясына ұсынылды», - деді ҚР ОСК мүшесі Шавкат Өтемісов.

Сондай-ақ ұсынылған құжаттардың талаптарға толық сәйкес келетіні айтылды.

Осылайша, Қарақат Әбден 20 қарашада өтетін ҚР президентін кезектен тыс сайлауға кандидат ретінде ресми тіркелді.

Қарақат Әбденді Қазақстан президенттігіне «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды.

Кандидаттың мемлекеттік қызметтегі жұмыс тәжірибесі – 9 жыл, 1 ай.

Лингвистикалық комиссияның 10 қазандағы қорытындысы бойынша мемлекеттік тілді еркін меңгерген.

ҚАРАҚАТ ӘБДЕН ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ

48 жастағы Қарақат Әбденнің мамандығы экономист-маркетолог, Алматы халық шаруашылығы институтында оқыған. Астана қалалық мәслихат депутаты.

Еңбек жолын Алматыдағы жекеменшік фирмада экономист болып бастаған ол 1999 жылдан кейін он шақты жыл бойы Қаржы министрлігінде әртүрлі басшылық лауазымдарды атқарды.

Астана қаласының мәслихаты ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Қарақат Әбден қаладағы бірнеше бөбекжайларға жетекшілік етеді. Мәселен, оның 2011 жылы «Нұр Бөбек» ЖШС құрылтайшы-директоры екендігі айтылған.

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметке сүйенсек, 2022 жылы аталған жекеменшік балабақша Астана қалалық әкімдігінің Білім басқармасымен 91 млн теңге көлемінде келісімшарт жасасқан.

Сондай-ақ, 2013 жылдан бері ол «Қазақ қызы» ҚБ төрайымы, «Асыл Бөбек» Астана қаласы жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдары қауымдастығының төрайымы лауазымдарын атқарып келеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама