×

Мемлекеттің саяси қадамдары елдегі барлық салаға тікелей әсер етеді

Құралай Кәрібаева Қазақстан көпвекторлы саясат ұстанатынын, ең бастысы тұтастық, бірлік екеніне тоқталды

 Халық үні 18.10.2022 | 21:03
фото: ашық дереккөз

Академик Құралай Кәрібаева мемлекеттің саяси қадамдары елдегі барлық салаға тікелей әсер ететінін айтып, әр азаматтың саясатқа қатысты өз пікірі болуға тиіс екенін жеткізді.

«Мемлекеттің саяси қадамдары елдегі барлық салаға тікелей әсер ететінін ұмытпаған жөн. Мейлі, сауда не экономикадан бастап, әрісі білім мен ғылымға дейін септеседі. Сондықтан әр азаматтың саясатқа қатысты өз көзқарасы, ұстанымы болғаны абзал. Біз де шамамыз жеткенше әлем мен елімізде болып жатқан оқиғаларды, шыққан жаңалықтарды қарап отырамыз. Осы жыл Қазақстанға өзгерістер мен реформалардың кезеңі болды. Әлемдегі беделді ақпарат құралдары жарыса жазатын Рим Папасы елімізге аяқ басты, абыроймен күтіп алдық. Франциск қазақ халқы жайлы көп дүниені білетінін аңғартты. Ұлттық құндылықтарымызды жоғары бағалап, өзге ұлттарға көрсеткен қамқорлығымызды адамзатқа үлгі болатын іс ретінде санады. Бұдан соң Қазақстан жайлы теріс ойлайтын адамдардың көзқарасы түзелуге тиіс», - дейді Құралай Кәрібаева.

Қазақстан көпвекторлы саясат ұстанатынын, ең бастысы тұтастық, бірлік екеніне тоқталды.

«Ынтымақтың арқасында өзгелерді сыйлата білдік. Одан бөлек, 13 мемлекеттің басшылары елімізге келіп бас қосқанына да куәміз. Бәрінің көзқарасы бірдей емес, әркімнің өз мүддесі бар. Соған қарамастан бүкілін бүтін етіп, бір «ошақтың» басына жинадық. Пікірлерін тыңдадық, талап-арыздарын айтты, шешімін табуға ат салыстық. Бірлігі бекем елге басқалар көз тіге алмайды, санасып, керісінше үлгі алуға тырысады. Келешекте осы жолымыздан жаңылмай, елдің, халықтың, қоғамның жан-жақты дамуын қамтамасыз еткеніміз дұрыс деп ойлаймын. Оған тек ынтымақ арқылы қол жеткізе аламыз», - деп түйіндеді Кәрібаева.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама