×

Биыл Ресейден келген қанша этникалық қазақ «қандас» мәртебесін алды

Ресейде ішінара мобилизация жарияланған соң құжат тапсырғандардың саны күрт өскен

 Айгерім Таубай 18.10.2022 | 12:20
Коллаж: Халық үні

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2022 жылдың 21 қыркүйегінен бері Ресейден келген қанша этникалық қазақтың «қандас» мәртебесін алуға құжат тапсырғанын хабарлады.

Министрліктің ақпаратына сәйкес, жыл басынан бері (18 қазанға дейін) Ресей Федерациясынан келген 1 039 этникалық қазақ «қандас» мәртебесін алуға өтініш білдірген. Оның жартысына жуығы Ресейде ішінара мобилизация жарияланған соң құжат тапсырған.

21 қыркүйектен бастап Ресей Федерациясынан Қазақстанға келген 544 этникалық қазақ «қандас» мәртебесін алу үшін құжат тапсырған, - деп жауап берді еңбек министрлігі Halyq Uni ресми сауалына.

Еңбек министрлігінің хабаралуынша, жыл басынан бері 14 715 адам «қандас» мәртебесін алған. Оның ішінде Ресейден келген 1 079 адамға «қандас» мәртебесі берілді.

21 қыркүйектен бері Ресейден келген 592 этникалық қазақ «қандас» құжатын алды.

Сондай-ақ министрлік заңға сәйкес, қандастардың қай елден келгеніне қарамастан, бәрі бірдей мүмкіндікке ие екенін хабарлады.

Айта кетейік, 2022 жылдың 21 қыркүйегінде Ресейде ішінара мобилизация жарияланды. Содан кейін ресейліктер Қазақстанға және өзге де елдерге үдере көше бастады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама