×

Алматы прокуратурасы тұрғындардың сусыз қалғанына қатысты тексеру жүргізеді

Тұрғындар Алматы – Бішкек тасжолын жауып тастады

 Халық үні 17.10.2022 | 16:29
Коллаж: Халық үні

Алматыда он шақты күнге жуық уақыттан бері сусыз отырған тұрғындар Алматы – Бішкек тасжолын жауып тастады. Оқиға 16 қазаннан 17 қазанға қараған түні болған.

Соған байланысты Алматы қаласы әкімдігі пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Тұрғындардың айтуынша, тұрғын үй кешеніндегі су мәселесі кейінгі екі жылдан бері шешілмей келеді. Олар наразылығын көшеге шығу арқылы жеткізді.

«Нұрлы дала» тұрғын үй кешенін сумен жабдықтау жүйесі 2019 жылы салынған. Жобада болат құбырлар қарастырылған, бірақ құрылыс барысында мердігер оларды пайдалану кезінде жиі істен шыға бастаған шыны талшықты құбырларға ауыстырды. Жобалық шешімді өзгертудің негізділігі мен жүргізілген жұмыстардың сапасын сарапшылар бағалайды және нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданады», - деп хабарлады қала әкімдігі.

Қала прокуратурасына қажетті тапсырмалар берілді және жауаптылар заң бойынша қатаң жауапқа тартылады.

Қазір «Нұрлы дала» ТК апат аймағында «Алматы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, құрылыс басқармасы және Наурызбай ауданы әкімдігі бірлесіп сумен жабдықтау құбырын ауыстыру және бұру бойынша қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Өндіруші зауыттан қосалқы бөлшектер мен материалдар биыл 18 қазанға дейін жеткізіледі. Сумен жабдықтауды толық қалпына келтіру 19 қазанға дейін аяқталады. Үйлердің тұрғындарын уақытша сумен қамтамасыз ету үшін ауыз суды су таситын көліктермен тасымалдау жүзеге асырылады», - деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігі.

Сонымен қатар сумен жабдықтаудың одан әрі үзілуін болдырмау үшін болат құбырлардан жаңа су құбырын салуға қаражат бөлінді, жұмыс 18 қазанда басталады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама