×

Таңдау болса Путинді қолдайтынын айтқан петропавлдық екі жасөспірім жазаланған жоқ

Екі қыз қазақстандықтар Ресейді қолдайды деп айтқан

 Айгерім Таубай 17.10.2022 | 12:47
Фото: скриншот

Әлеуметтік желіде Ресейді қолдайтынын айтқан кәмелет жасына толмаған екі қыздың видеосы тарады. Олар видеода барлық қазақстандық Ресейді қолдайтынын мәлімдеген.

Олардың сөзінше, екеуі де Петропавлда жатақханада тұрады.

«Петропавл қаласында тұрамыз. Бұл жер бұрын Ресей губерниясы болған. Осы қалада дүниеге келдік. Жасымыз әлі 18-ге толған жоқ. Жатақханада тұрамыз, осында оқимыз. (...) Қазақстанда тұрамыз, бірақ бұл біздің, орыстың жері», - дейді видеодағы екі қыз.

Олардан «Тоқаев пен Путин арасында таңдау жасау қажет болса, кімді таңдар едіңдер?» деп сұрайды. Екі жасөспірім Путинді таңдайтынын айтқан.

Олар ата-анасының да, Петропавл тұрғындарының барлығы осындай пікірде екенін мәлімдейді.

Соған байланысты Halyq Uni ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдап, мұндай мәлімдеме жасаған жасөспірімдерге қандай шара қолданылғанын сұрады.

«Тексеру барысында мәлімдеме жасаған екі қыздың Қазақстанның кәмелет жасқа толмаған азаматшалары екені анықталды. Ішкі істер органдары қызметкерлері құзыретті мемлекеттік органдармен бірлесіп олардың кәмелет жасқа толмағанын ескеріп, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді», - деп жауап берді ішкі істер министрлігі Halyq Uni ресми сауалына.

Сондай-ақ олардың ата-аналарына және білім алып жатқан оқу орындарының басшылығына тиісті тәрбие жұмыстарын жүргізу қажет екені айтылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама