×

Исламбек Салжанов: Мақсат – дәстүрлі садақ атуды ұлттық спорт ретінде дамыту

Жаңаөзенде өткен чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 170 садақшы қатысты

 Халық үні 17.10.2022 | 09:08
Фото: Ұлттық спорт қауымдастығы

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов Жаңаөзен қаласында дәстүрлі садақ атудан өткен тұңғыш республикалық чемпионатқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Садақ атудың бір ерекшелігі – бұл өнерде шектеу жоқ: жарысқа қатысқан садақшылар арасында 7 жастан асқан балалар да, 18-ден асқан жастар да бар. Ерлер мен әйелдер категориясы бөлек», - деп жазды Исламбек Салжанов.

Садақшылар 10 метрден 75 метрге дейінгі қашықтыққа арналған Олимп, Жамбы, Пута, Қырғыз (Орта Азия), Қазақ (Жамбы) деген нысана түрлері бойынша мергендік шеберліктерін сынасты.

«Биылдан бастап дәстүрлі садақ ату спорт түрі ретінде ресми түрде бекітілді. Бұл – осы өнерді мемлекеттік деңгейде қолдаудың жемісі. Жақында Ұлтық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен республикалық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесін өткіздік. Оның ашылу салтанатына жолдаған құттықтауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз қазіргі заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, ұлттық болмысымызды жаңғыртуға тиіспіз» деп атап өтті. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы осындай шараларды қолдау арқылы халықтың рухы мен саулығын күшейтеді, ұлттық болмысты жаңғыртуға үлес қосады», - деді Ұлттық спорт қауымдастығының президенті.

Сондай-ақ Исламбек Салжанов ұлттық спорт түрлерін дамыту – ұлттың рухын көтеру және халықтың салт-санасын жаңғырту екенін айтты.

«Кез келген спорт секілді садақ ату – шыдамдылық пен табандылыққа баулып, алға қойған мақсатқа жетуге құлшыныс сыйлайды. Сондықтан дәстүрлі садақ атуды мектеп бағдарламасына енгізіп, жас ұрпақ тәрбиесінде кең пайдалану керек. Біздің мақсат – дәстүрлі садақ ату өнерін насихаттау, яғни оны қазақтың ұлттық спорттық өнері ретінде дамыту», - деп жазды Салжанов.

Айтуынша, осындай чемпионаттар өткізу арқылы Ұлттық спорт қауымдастығы елімізде садақ атудың өзіндік мәдениетін қалыптастыруды көздеп отыр.

«Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде балаларға арналған садақшылар үйірмелері, ересектерге арналған садақ ату клубтары бар. Бүгінде садақ атудан жас қазақстандық чемпиондарымыз бар екені қуантады. Сондықтан дәстүрлі садақ атуды дамытуды қолға алу – ұлт руханияты мен саулығына жасалған жанашырлық деп білемін», - деп түйіндеді Исламбек Салжанов.

Сондай-ақ Ұлттық спорт қауымдастығының президенті жарыста үздік шыққан садақшыларды құттықтады.

Айта кетейік, Жаңаөзен қаласында өткен чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 170 садақшы қатысты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама