×

Үндістан министрі «Астана» медициналық университетінде студенттермен кездесті

Қазақстандық ЖОО-да 5 мыңнан аса үндістандық студент оқиды

 Динара Амантай 14.10.2022 | 17:01
Фото: gov.kz

Бүгін, 14 қазанда Үндістанның Сыртқы істер және мәдениет министрі Минакши Лекхи ханым Астана медицина университетінде болды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, министр Үндістаннан Қазақстанға оқуға келген студенттермен кездесу өткізген. Аталмыш ЖОО-да 600-ден аса үндістандық студент оқиды.

Студенттермен кездесуде Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев биылғы жыл Қазақстан мен Үндістан арасындағы достық қарым-қатынастың 30 жылдығы екенін хабарлады.

Осы тарихи қысқа мерзім ішінде екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Қазақстанда елеулі реформалар жүргізілуде. Олар сондай - ақ қолжетімді, сапалы және жауапты денсаулық сақтауды құруға және бәсекеге қабілетті медицина мамандарын даярлауға бағытталған, - деп атап өтті ол өз сөзінде.

Қазір қазақстандық жоғары оқу орындарында Үндістаннан 5 мыңнан аса студент оқиды және олар шетелдік студенттердің негізгі контингентін құрайды. Вице-министр қазақстандық медициналық университеттердің білім беру бағдарламалары барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін және шетелдік студенттер медициналық мамандық алу үшін біздің елімізді таңдайтыны кездейсоқ емес екенін атап өтті.

Өз кезегінде министр ханым студенттер алдында сөз сөйлеп, әрбір студент басқа елде бола тұра Үндістанның елшісі екенін және оның келбеті мен мінез-құлқы туған елінің ең жақсы дәстүрлерін көрсету керектігін айтты. Ол жастардың назарын COVID-19 пандемиясы кезінде бүкіл әлем тап болған қиындықтарға аударып, студенттерді өз денсаулықтарын күтіп, екпе алуға шақырды. Сондай-ақ Үндістанның тумаларын Қазақстанда оқыту үшін жасалған мүмкіндік пен қолайлы жағдайлар үшін ризашылығын білдірді.

Кездесу соңында Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев барлық студенттерге оқуда сәттілік тілеп, Денсаулық сақтау министрлігі атынан Минакши Лехи ханымға келгені үшін алғысын білдірді және Министрлік өз тарапынан еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында шетелдік азаматтарды оқыту үшін қолайлы жағдайлар жасау үшін бар күшін салатынына сендірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама