×

Ердоған мен Путин оңаша кездесті

Түркия президенті Украинадағы соғысты тоқтатуды талап етті

 Дастан Жұмабекұлы 13.10.2022 | 16:36
фото: ашық дереккөз

Астанада Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитінде Түркия президенті Режеп-Тайып Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путин оңаша кездесті.

Әзірше кездесуде мемлекет басшыларының не туралы сөйлескені белгісіз. Түркия басшысы АӨСШК саммитіне келер алдында Путинмен Ресейдің Украинамен соғысын тоқтату туралы сөйлескісі келетінін айтқан болатын. Ол Украинадағы соғысты дереу тоқтату туралы саммиттің отырысында да айтты.

Отырыста Ердоған көпшілікке соғысты дипломатиялық жолмен ғана тоқтатуға болатынын жасырмады. Ол Украинадағы жағдайға тағы да алаңдаушылық білдіретінін, соғысты тоқтатуға бар күш-жігерін жұмсайтынын мәлімдеді.

Украинадағы жағдай әлемдік сипат алып кетті. Мен әрқашан әділетті әлемді дипломатия арқылы орнатуға болатынын айтып келемін. Соғыста жеңімпаз жоқ. Екінші жағынан, біздің БҰҰ-мен соғыстың салдарын жою жөніндегі күш-жігеріміз бүкіл жер-жүзінде мойындалды. Қара теңіз арқылы Украина астығын экспорттау туралы Ыстамбұл келісімі және өткен айда басталған тұтқын алмасу жұмыстары - осы бағыттағы жетістігіміз. Біздің мақсатымыз - жергілікті жерлердегі барлық қиындыққа қарамастан, қантөгісті мүмкіндігінше тезірек тоқтату, –  деді ол отырыста.

Осының алдында Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Астанада Ердоған мен Путиннің кездесу мүмкін екенін айтқан болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама