×

Басқа жұмысқа ауысып жатыр: Сенатор Ақылбек Күрішбаевтың өкілеттігі тоқтатылды

Ақылбек Күрішбаев Сенат депутаты болып Астана қаласынан сайланған еді

 Дәурен Ерболат 13.10.2022 | 10:16
Ақылбек Күрішбаев, фото: parlam.kz

Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаевтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол өкілеттігін тоқтатуға өзі өтініш берген.

«Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев міндеттерін атқаруда өз еркімен босату туралы өтініш берді. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Конституциясының 52-бабына ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы Қазақстан Конституциялық заңының 24-бабы 3-8 тармақтарына сәйкес Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев өтініш беруіне байланысты оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шешу үшін ұсыным енгізілді», - деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов Сенаттың жалпы отырысында.

Депутаттар қаулыны қабылдады.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Ақылбек Күрішбаев басқа жұмысқа ауысып жатыр. Ол сенатордың жұмысына жоғары баға беріп, оған Құрмет громатасын тапсырды.

Ақылбек Күрішбаев елдегі ауыл шаруашылығы саласын дамытуды көздейтін жаңадан ашылатын заманауи ғылыми зерттеу институтын басқарады.

Алдымыздағы жылдары Президент саясатының шеңберінде ауыл шарушылығында үлкен серпіліс болады. Оны бәріміз білеміз және түсінеміз. Сондықтан бізге жаңа формациядағы кадрлар мен технологиялар керек. Ол үшін мемлекетімізде халықаралық деңгейдегі белгілі шетелдің ғалымдарымен бірге заманауи ғылыми зерттеу институты құрылады. Осы Президенттің жобасын іске асыруға сіздерден рұқсат сұрап бара жатырмын, - деді Ақылбек Күрішбаев.

Ақылбек Күрішбаев 1961 жылғы 13 сәуірде Алматы қаласында туған. 2008-2011 жылдары Ауыл шаруашылығы министрі лауазымын атқарды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама