Halyq Uni логотип
×

БҰҰ бас ассамблеясы Ресейдің референдумын мойындамады

Қарарға РФ, Беларусь, Солтүстік Корея, Никарагуа мен Сирия ғана қарсы шықты

 Дастан Жұмабекұлы 13.10.2022 | 09:22
БҰҰ бас ассамблеясы Ресейдің референдумын мойындамады
фото: ашық дереккөз

БҰҰ бас ассамблеясы Ресейдің Украинаның төрт облысына қатысты қарарды жасырын дауысқа салу туралы ұсынысын қолдамады.

Украинадағы «референдумдарды» мойындамау туралы резолюцияға Ресей, Беларусь, Солтүстік Корея, Никарагуа, Сирия ғана қарсы шықты. 35 ел қалыс қалды. Оның ішінде Қазақстан мен Орта Азияның төрт мемлекеті бар. Басқа елдердің бәрі қолдады.

Ресейдің Украинаның Херсон, Запарожье, Донецк пен Луганск облыстарын РФ-ға қосу туралы референдум 23 қыркүйекте басталып, 27 қыркүйек күні аяқталған болатын. Соның нәтижесі бойынша өздерін-өздері «республика» деп жариялаған «ДХР» мен «ЛХР» сепаратистік құрылымдары мен Украинадан «тәуелсіздігін» жариялаған Херсон мен Запарожье өңірлерінің халқы Ресейде қосылу туралы шешім қабылданды. Осыдан кейін 30 қыркүйекте Путин Украинаның төрт облысын Ресейге қосу туралы жарлыққа қол қойды.

Осы жалған референдум басталмас бұрын Путин Херсон және Запорожье облыстарының тәуелсіздігін мойындау туралы жарлыққа қол қойған болатын.

Құжатта: «Халықаралық құқықтың жалпылай қабылданған қағидаттары мен нормаларына сәйкес, БҰҰ жарғысында бекітілген халықтардың тең құқықтары мен өзін-өзі билеу принципін растай отырып, мен 2022 жылғы 27 қыркүйекте өткен референдумдағы Херсон облысы халқының еркін ескере келе, Запорожье/Херсон облысының егемендігі мен тәуелсіздігін мойындау туралы шешім қабылдадым», - делінген. 

Одан әрі Украинада «үй ішінен үй тіккендердің» Ресейге қосылу жөніндегі референдумы басталды. «ДХР», «ЛХР», Херсон және Запорожье облыстарында референдум басталды. Ол 5 күнге созылады.

Алғашқы 4 күнде дауыс беру сайлау учаскелерінде емес, тұрғындардың үйлерін аралап, дауыс жинау арқылы өтті. Ал сайлау учаскелерінде тұрғындар 27 қыркүйекте дауыс берді. Сол күні дауыстарды санау басталды. Дауыс берудің нәтижесінде төрт облыстың халқы «90 пайыз» Ресейге қосылуды қолдаған. Осы референдумдың қорытындысын алғашқы болып Солтүстік Корея мойындады. КХДР Сыртқы істер министрлігі халықаралық ұйымдар департаментінің басшысы Чо Чхоль Су Солтүстік Корея Донецк және Луганск халық республикаларының, Запорожье және Херсон облыстарының Ресейге қосылуын қолдайтынын мәлімдеді.

Украина президенті Владимир Зеленский болса Ресейді Путин басқарып тұрған кезде Ресей жағымен келіссөздерден бас тартатынын айтты. Батыс елдері де қарап қалмады. АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Түркия, Еуропа Одағы елдері екі «республика» мен екі аймақтың Ресейге қосылуын мойындаудан бас тартты. Олардың пікірінше, бұл қадам халықаралық құқық нормаларына қайшы келеді.

Осыған байланысты Батыс Ресейге референдум үшін санкцияны күшейтті. АҚШ президенті Джо Байден жалған таңдаудың құны көк тиын екенін айтып, Құрама Штаттардың өз одақтастарымен бірге Ресейге украин жеріндегі жалған референдумы үшін күшейтілген санкция салатынын мәлімдеді. Ол Ресейдің Украинаның Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарында жүргізген референдумдарының құны көк тиын екенін, АҚШ Украинаға одан әрі де әскери көмек көрсетуді жалғастыра беретінін айтты.

Сол кезде еліміз Украинаның төрт облысындағы жалған референдумға байланысты ұстанымын білдірді. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров «ЛХР», «ДХР», Запорожье мен Херсон облыстарындағы референдумдарға қатысты түсініктеме берді.

«ЛХР» мен «ДХР» деп өзін-өзі жариялаған мемлекеттердің және Запорожье мен Херсон облыстары әскери әкімшіліктерінің Ресейге қосылу туралы референдумдар өткізуіне келетін болсақ, Қазақстан мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, олардың егемендік теңдігі және бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарын негізге алады. Президентіміз бірнеше рет, оның ішінде БҰҰ мінберінен жақында ғана сөйлеген сөзінде осы дүниежүзілік әмбебап ұйымның Жарғысына негізделген халықаралық құқық қағидатын бұлжытпай сақтаудың маңыздылығы туралы мәлімдеді. Жарғыда БҰҰ-ға мүше елдердің бейбітшілік пен мемлекеттердің аумақтық тұтастығын сақтау жауапкершілігі туралы айтылады», – деді Айбек Смадияров.

Сонымен бірге ол Қазақстанның саяси диалог орнату үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

«Бұл ретте еліміз тұрақтылықты өңірлік әрі жаһандық деңгейде сақтауды аса маңызды міндет санайды, – деді ресми өкіл.

Кеше еліміз БҰҰ Бас ассамблеясында Ресей мен Украинаға қатысты ұстанымына берік екенін тағы бір рет көрметті. Қазақстан Ұлттар ұйымының Украинаның төрт облысына қатысты қарарды жасырын дауысқа салу туралы ұсынысынан қалыс қалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама