×

Испанияға жарысқа кеткен қазақстандық жасөспірімдер Милан әуежайында түнеуге мәжбүр болды

Жаттықтырушы Испанияға ұшу билетіне кеткен шығынды өтеуді талап етеді

 Айнұр Шошаева 12.10.2022 | 15:33
Фото: жазба авторынан

Грэпплингтен Испанияда өтетін әлем чемпионатына кеткен қазақстандық жас спортшылар Миланның әуежайында қонуға мәжбүр болды. Шетелдік әуекомпаниясы жоспарлаған транзиттік рейс болмай қалған, деп хабарлайды Halyq Uni

Әлеуметтік желіде жас грэпплингшілердің Миланның әуежайында қонғаны және қазақстандықтардан спортшыларға билет алуына көмектесуін сұраған жазба пайда болды. 

Грэпплингтен жасөспірімдердің жаттықтырушысы Тоқтар Зарубековтың айтуынша, Астанадан 8 жас спортшымен Испаниядағы әлем чемпионатына аттанған. Алайда Италияның Милан қаласында әуекомпаниясының Испанияға дейінгі рейс болмай шықты. 

«Проблема шешілді. Испаниядағы консулдық қызмет көмектесті. Спортшылардың ата-аналары жинап берді. Италиядан Испанияға ұшатын билетті өзіміз алдық. Қазір Испанияға келдік, спортшыларымыз салмақ өлшейін деп жатыр. Бүгін грэпплингтен әлем чемпионаты басталады», – деді жаттықтырушы. 

Қазақстандық спортшылар испаниялық Iberia Vueling әуекомпаниясының билетін сатып алған. 

«Біз қазір тым болмаса Миланнан Испанияға ұшу билетіне кеткен шығынды өтеуін талап етіп жатырмыз. Бірақ компания әзірге үнсіз. Ешқандай нәтиже жоқ», – деп қосты Тоқтар Зарубеков.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама