×

Білім басқармасы Атырауда электронды шылым шеккен оқушыларға қатысты пікір білдірді

Мектеп оқушыларымен инспекторлар түсіндіру жұмыстарын жүргізді

 Халық үні 12.10.2022 | 10:35
Коллаж: Халық үні

Әлеуметтік желіде Атырауда оқушылардың электронды шылым шегіп жүргені түсірілген видео тарады.

Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, мектеп оқушыларымен полиция түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Видео желіде 11 қазанда жарияланды. Ол жерде он шақты оқушы электронды шылым шегіп, бірнеше құрылғыны кезек-кезек қолданып жүр.

«Мектеп оқушылары тұрғын үйдің алдында электронды шылым (вейп) шегіп жүргені көрсетілген видео тарады. Осыған орай шұғыл түрде №16 мектеп оқушыларының ата-анасы шақыртылып, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар ата-аналардың қатысуымен оқушыларға профилактикалық жұмыстар жүргізді», - деп хабарлады Атырау облысы білім басқармасы.

Сондай-ақ Атырау қаласы полиция басқармасы оқушылардың темекі бұйымдарын пайдаланған видеосына байланысты тексеру жүргізді. Нәтижесінде видеодағы оқушыларды анықтап, 7 баланың ата-анасына әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның 441-бабы 1-бөлігі («тыйым салынған жерде темекі бұйымын тұтыну») бойынша хаттама толтырды. Ата-аналарға 45 945 теңге айыппұл салынды.

Айта кетейік, 2022 жылдың мамырында мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин вейптерді сатуға толығымен тыйым салуды ұсынды.

Депутаттың айтуынша, қазір үкімет вейп мәселесіне экономикалық тұрғыда қарап отыр. Салық салу және бюджетке кіріс түсіру жағы ғана ескеріледі. Болашақ ұрпақтың денсаулығына басымдық беру керек.

«Біз халықтың өмір сапасы мен денсаулығын көтеру мәселесін ысырып отырмыз. Бұрын сол электронды шылымды үлкен азаматтар қолданса, қазір жас балалар, әсіресе, мектеп жасындағы балалар жиі шегеді», - деді Еділ Жаңбыршин.

Депутат электронды шылым салдарынан фиброз, мутагендік, онкологиялық аурулар, сондай-ақ жас балалар созылмалы бронхы ауруларына шалдығатынын айтты. Сол себепті салықты көтеруді емес, балалардың денсаулығын бірінші орынға қоюды ұсынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама