×

Пірматов Қазақстандағы үй жалдау ақысы Ресейдегі мобилизациядан кейін шарықтағанын жасырмады

Елдегі жылдық инфляция – 17,7%

 Дәурен Ерболат 11.10.2022 | 10:41
фото: ашық дереккөз

Ресейде жарияланған ішінара мобилизация салдарынан Қазақстанда үйді жалдау ақысы айтарлықтай көтерілді. Бұл туралы бүгін Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, бағалар Украина мен Ресей арасындағы әскери қақтығыстың салдарынан өсіп жатыр.

Көптеген елде инфляция нысаналы көрсеткіштерден артты. Әлемдегі монетарлық саясаттың күшеюі және логистикалық проблемалардың шешілуі 2023 жылы инфляцияның баяулауына әкеледі деп болжанып отыр. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының болжамы бойынша, G20 елдерінде инфляция 2022 жылғы 8,2%-дан 2023 жылы 6,5%-ға дейін төмендейді, - деді Ғалымжан Пірматов Үкімет отырысында.

Қазақстанда инфляцияның айлық динамикасы биыл наурыздағы ең жоғары көрсеткіштен төмендегеніне қарамастан, орташа жылдық мәндерден біршама асқан.

«Оқу жылының оффлайн форматына толық өтуі, Ресейде жарияланған ішінара мобилизациядан кейін көрші елден халықтың ағылуы аясында тұрғын үйді жалдау ақысы бойынша, сондай-ақ білім беру қызметі мен кеңсе тауарлары бойынша соңғы 2 айда бағаның айтарлықтай өскені байқалды.

Жылдық мәнде инфляция 17,7%-ға жетті. Азық-түлік өнімдері бағасының өсуі бұған айтарлықтай үлес қосуда. Ол жылдық мәнде 22,2%-ға жетті.

Азық-түлікке жатпайтын инфляция да импорттық тауарлардың қымбаттай түсуінен және оларға сұраныстың жоғары болуынан 17%-ға дейін жылдамдады. Ақылы қызмет көрсету инфляциясы 12,3%-ға жетті», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама