×

Аймағамбетов Алматы мектептерінің 180 директорымен кездесті

Мектеп басшылары өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты

 Динара Амантай 11.10.2022 | 09:12
Фото: @ oqu_agartu

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов кеше, 10 қазан күні Алматы қаласына жұмыс сапарымен барып, өңір тұрғындарымен және 180 мектеп директорымен кездесті. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды.

Оның айтуынша, халықпен есеп беру кездесуінде алдымен Президенттің шешімдері мен қолдауының арқасында болған өзгерістер туралы айттылған. Жиынға барлығы 300 адам қатысқан. Кездесу барысында бірқатар мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, олар: инклюзивті білім беруді қажет ететін балаларға қолдау көрсету және ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған білім беру бағдарламалары, балаларды ауылдық және қалалық мектептерде оқыту және олардың арасындағы алшақтықты азайту мәселелері.

Сондай-ақ мұғалімдердің аттестациядан өту жүйесі, оқушылар арасында олимпиада өткізу, мектеп психологтарының жұмысы, мектеп әкімшілігі ата-аналардан сұрай алатын ақпараттың рұқсат етілген тізімі тақырыптары көтерілді. Бұған қоса заңды түрде жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктердің) құзыретіне жататын сұрақтар да қойылды. Мысалы, мектеп құрылысының сапасы, оларды қаржыландыру, мектеп асханаларында балаларға тамақ жеткізушілермен келісімшарт жасау, мектеп автобустарын сатып алу, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсету.

Тұрғындар басқа облыстардағы есеп беру кездесулерінде де қойылғандай сұрақтарды, атап айтқанда, еңбек қатынастарына, педагогикалық жүктемеге және т.б. қатысты жеке сұрақтар қоя алды. Кейбір мәселелер бойынша құрылымдық бөлімшелерге тиісті тексерулер жүргізуге қатысты тапсырма бердім. Қатысушыларға уақыттарын бөліп, ойларын ашық білдіріп, көкейтесті сұрақтарын қойып, білім саласындағы мәселелерге бей-жай қарамағандары үшін алғыс айтамын, – деп жазды министр.

Кездесуде жалақы төлеу жүйесі, оқуда артта қалған балалармен жұмыс, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мектеп психологтарының жұмысы, мұғалімдердің аттестациядан өту ережелері, ата-аналармен жұмысты нығайту, педагогтерді қайта даярлау мүмкіндіктері, жаңа МЖМБС және т.б. сияқты мәселелер талқыланды. Мектеп басшылары өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты.

Сонымен қатар министр колледж директорлары мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдары басшыларымен де кездесіп, олардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады.

Әріптестеріммен дуалды оқытуды дамыту, тәлімгерлік қызметке ақы төлеу, жан басына шаққандағы қаржыландыру, «Жас маман» жобасын жүзеге асыру, инклюзивті білім беруді дамыту, сондай-ақ ТжКБ және балабақшалардағы тамақтану мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерге қажетті өзгерістер енгізу мәселелерін талқыладық. Сонымен бірге мектепке дейінгі ұйымдарда педагог-ассистент лауазымын енгізу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Колледж директорларының негізгі мәселесі ТжКБ-да оқу үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативіне қатысты болды. Бұл стандарт шын мәнінде қайта қарауды қажет етеді. Осы мәселені шешу мақсатында мемлекеттік органдармен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Әріптестеріме қызықты және мазмұнды пікірталас үшін алғыс айтқым келеді. Айтылған ұсыныстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – деді Асхат Аймағамбетов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама