×

«Негізгі міндетімнің бірі»: Назарбаевқа ескерткіш қоюды ұсынған Мәди Ахметов тағы да желі жұлдызына айнала ма?

Депутат болмай тұрып, 2019 жылғы сайлауда Мәди Ахметов халықты Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдауға шақырып, үгіт жүргізген

 Халық үні 06.10.2022 | 22:38
ашық дереккөзден

Мәжілістегі ең жас депутат, Amanat партиясының мүшесі Мәди Ахметов кезектен тыс президент сайлауы алдындағы үгіт-насихат жұмыстарына бұл жолы да қатысуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Депутат болмай тұрып, 2019 жылғы сайлауда Мәди Ахметов халықты Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдауға шақырып, үгіт жүргізген. Бұл сәттің видеосы бүгінде желіде кеңінен таралып, әсіресе TikTok-та хитке айналған. Тіпті кей желі қолданушылары оның мансабын осы бір видеомен байланыстырған көрінеді. 

Бұл жолғы сайлауда Ахметов үгіт-насихат жұмыстарына қатыса ма? Бұл сауалды журналистер мәжілісменнің өзіне қойып көрді. Мәдидің айтуынша, егер оған бұл жұмысты жүктесе, онда ол міндетті түрде қатысады. 

Менің видеом желіде танымал болды. TikTok-та жақсы қаралым жинаған. Бұл айқай емес, үгіт-насихат жұмыстары. Мұны дұрыс түсіну керек. Үгіт-насихат жұмыстарына қатысам ба, жоқ па оны партия шешеді. Егер менің есімім тізімде болса, онда мен дайынмын. Қарсы болмаймын. Бұл менің негізгі міндеттерімнің бірі, – деді Мәди Ахметов Amanat партиясының кезектен тыс съезінен кейін журналистерге. 

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қою туралы ел алдында ұсыныс жасаған Мәди кейіннен Тұңғыш президент күнін мемлекеттік мерекелер күні қатарынан алып тастауды қолдап, дауыс берген болатын. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама