×

Әділетті қоғам орнатып, әділетті ел құру маңызды - Исламбек Салжанов

Тоқаев президент сайлауына халықтық коалиция атынан қатысатынын мәлімдеді

 Халық үні 06.10.2022 | 19:47
фото: ОКҚ

«Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтық коалиция атынан сайлауға түсуіне қатысты пікір білдірді.

Кәсіпкердің пікірінше, Президенттің еліміздегі саяси күштерді біріктірген халықтық коалиция атынан сайлауға қатысуы – азаматтық қоғамның үні.

Кешеден бері көптеген қоғамдық бірлестіктердің Президентті үміткер ретінде ұсынып, мәлімдеме жасап жатқанын білесіздер. Бұл – азаматтық қоғамның үні. Президенттің Әділетті Қазақстан құру туралы тұжырымдамасы халықтың көңілінен шығатынының айқын көрінісі. Жаңа ғана Қ.Тоқаевты қолдайтын саяси күштерді біріктірген Халықтық коалиция жиналысынан шықтым, - деп жазды Исламбек Салжанов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Исламбек Салжанов форумға 2000-нан аса адам, 20-дан аса қоғамдық бірлестік өкілдері келгенін, көптен бері қоғамда мұндай азаматтық белсенділік байқалмағанын атап өтті.

Сондай-ақ кәсіпкер 30 жыл күткен реформаны Мемлекет басшысы 3 жылда жүзеге асырып, әділетті қоғам орнату үшін еңбек етіп жатқанына назар аударды.

«Қазақтың арда ұлы, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров ортақ үміткерге «біз 30 жыл күткен реформаны аз уақытта жүзеге асырды» деп баға берді. Бұл сөздердің жаны бар. Әділетті Қазақстан идеясы – Тәуелсіздікті сақтап қалу және мемлекетті дамыған елдер қатарына қосу ғана емес, осы елдің әрбір азаматының бақытты және табысты болуына жағдай жасау, баршаға бірдей заң үстемдігін орнату, еңбекқор, талантты, талапты адамдардың жолы ашық болатын әділетті қоғам орнату. Үш жылдан бері Қ.Кемелұлы осы бағытта жұмыс істеп келеді», - деп жазды Исламбек Салжанов.

Президенттің таңдаған жолы өзгерістерге толы жаңа дәуір, әділетті қоғам орнатуды көздейтінін баса айтты.

Президенттің өзі «біз жаңа дәуір табалдырығында тұрмыз» деп заман талабы мен өзгерістер кезеңін еске салды. «Сіздердің аттарыңыздан ортақ үміткер ретінде сайлауға түсу мен үшін үлкен абырой әрі жауапкершілік» деген сөздері бәрімізді толқытты. Ендеше, қазір ырысымызды шайқамай, барымызды жоғалтпай, Президент айтқан Әділетті қоғам орнатып, Әділетті ел құру маңызды. Бұл – Асан Қайғы бабамыз аңсап кеткен Жерұйық пен эпостарда айтылатын Жиделі Байсын идеяларымен үндес. Әл-Фараби бабамыз «Қайырымды қаланың тұрғындары» трактатында ізгі қоғамды суреттейді. Бабалар аманатын орындап, Жерұйыққа бергісіз Әділетті ел болуды жазсын бізге, -дейді Салжанов.

Айта кетейік, бүгін Астанада кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі халықтық коалиция форумы өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама