×

Жарты шақырым үшін - 120 млн теңге: ауыл тұрғындары жолдың жөнсіз жөнделуіне наразы

 Ербол Тұрымбет 06.09.2022 | 12:00
Фото: «Әдiлдiк жолы» РҚБ

Тамыз айының аяғында «Әдiлдiк жолы» РҚБ-ға елорданың іргесіндегі Үркер алабы тұрғындары шағымданған.

Тұрғындар ауылға кіреберістегі жолды жөндеу жұмыстарының жөнсіз жүргізілуіне наразы. Анығын айтқанда, тұрғындар жолдың талапқа сай келмейтін әдіспен жаңартылып жатқанын жеткізген. Жағдайға көз жеткізбек болған республикалық бірлестік өкілдері де мәселемен танысып қайтты.

Жалпы, елді мекен қала аумағына кіретіндіктен оның инфрақұрылымын қалыпты ұстап отыру елорда әкімдігінің мойнында. Исатай батыр көшесі тұрғындарының айтуынша, қаланың Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы аталған көшенің Қорғалжын тас жолынан Байзақ датқа көшесіне дейінгі аралығын жаңартпақ болған. Бұл тұрғын алабының тек кіреберіс бөлігі.

Тұрғындардың сөзінше, ескі асфальтын тазаламастан үстіне қиыршық тас төсеп, жаңа асфальтты үстіне қабаттай салған. Алайда қалған бөлігінің де жөндеуге аса мұқтаж болып тұрған жайы бар. Ол суреттерден көрініп тұр.

Қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, биыл осы көшенің жол жабынын орташа жөндеу жоспарланған. Жөндеу барысында жол төсемін мығымдау үшін суық ресайклерлеу әдісі қолданылған. Ал жөндеу құны 120 млн теңге. Жолдың ойдым-ойдым қалған бөлігімен бұл басқарманың ісі жоқ. Оны Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы «Үркер тұрғын алабында инженерлік жүйе мен жол құрылысын жүргізу» жобасы аясында салуы тиіс.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама