×

Назарбаев пен оның отбасы әлі мемлекеттік күзетпен қамтамасыз етіліп отыр

«Мемлекеттік күзет қызметі туралы» заңда күзетілетін адамдардың тізімі бекітілген

 Айнұр Шошаева 25.08.2022 | 11:45
Сурет: ашық дереккөзден

Қазақстанның мемлекеттік күзет қызметі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

ҚР «Мемлекеттік күзет қызметі туралы» заңында күзетілетін адамдардың тізімі бекітілген. Онда ел Президенті, Сенат пен Мәжілістің төрағалары, премьер-министр, президенттің зайыбы (жұбайы) мен бірге тұратын басқа да отбасы мүшелері бар.

Сондай-ақ бұл тізімде Қазақстанның тұңғыш президенті мен онымен бірге тұратын отбасы мүшелері немесе оған еріп жүрушілер мемлекеттік күзетпен қамтамасыз етілетіні жазылған.

Редакция экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасы мүшелерінің күзетіне қанша қаржы бөлінетінін білу үшін ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне ресми сауал жолдады. Алайда ведомство бұл ақпараттың мемлекеттік құпия екенін айтып, жауап беруден бас тартты. 

«Мемлекеттік құпиялар туралы» ҚР заңының 14-бабына сәйкес, күзетілетін адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастыру, оның күштері, құралдары және әдістері туралы мәліметтер Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы саналады», – делінген жауапта.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Тұңғыш президент кеңсесінде қызметкерлер қысқартылып жатқаны хабарланған еді. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама