×

Тұңғыш президент кеңсесінде жаппай қысқарту болып жатыр

Биыл Елбасы кеңсесінің бюджеті 40 пайызға қысқарған

 Айнұр Шошаева 19.08.2022 | 15:39
көрнекі фото: egemen.kz

Биыл Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасының кеңсесінде жүргізілген штат санын оңтайландыру жұмыстарының нәтижесінде штат саны 40 пайыз қысқарды. Қазір кеңседегі штат саны - 30 бірлік. Бұл туралы ҚР тұңғыш президенті - Елбасы баспасөз хатшысының орынбасары С.Әбдіқалықова Halyq Uni тілшісінің ресми сауалына берген жауабында айтты.

«Тиісінше, 2022 жылға арналған бюджеттің көлемі 40 пайызға кемітіліп, 750 035 мың теңгені құрайтын болады. Болашақта штат санын тағы да қысқарту жоспары бар», - делінген ресми жауапта.

Одан бөлек, редакция сауалына берілген жауапта Конституцияның 46-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес, ҚР тұңғыш президентінің мемлекеттік күзетпен қамтамасыз етілетіні айтылған.

Сондай-ақ биыл Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің ішкі және сыртқы саясатына қатысты бастамаларына қатысты сұраққа жауап алдық.

«Кеңсенің 2022 жылға арналған жұмыс жоспарында ҚР тұңғыш президенті – Елбасының мемлекеттік құрылыстың, елдің ішкі және сыртқы саясаты мен қауіпсіздігінің аса маңызды мәселелері бойынша бастамалар жасауы, Парламент палаталары алдында және Үкімет отырысында сөз сөйлеуі, Қазақстан халқына үндеуі үстіміздегі жылдың аяғына дейін жоспарланып отырған жоқ», - делінген ресми жауапта.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама