×

Фермерлерге субсидия бөлетін платформа іске қосылады

Ал қазіргі Qoldau жүйесі фермерлерден жылына 1,2 млрд теңге көлемінде абоненттік төлем жинайды

 Айнұр Шошаева 07.02.2022 | 12:59
фото: ашық дереккөзден

Ауыл шаруашылығы министрлігі 2022 жылғы маусымда бүкіл ел бойынша субсидияларды бөлудің мемлекеттік ақпараттық жүйесін іске қосады. Фермерлер үшін жаңа жүйені пайданалу тегін болады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі eldala.kz басылымына сілтеме жасап. 

Жаңа жүйе «Транстелеком» АҚ жеке меншігіндегі қолданыстағы Qoldau-ды алмастырады. Ауыстырудың бірнеше себебі бар. Олардың ең бастысы – Qoldau фермерлерден жылына жалпы 1,2 млрд теңге көлемінде абоненттік төлем жинайды. Ал Қазақстанда заңға сәйкес мемлекеттік қызметтер ұсыну тегін болуы тиіс, – делінген ақпаратта.

Министрлік жаңа жүйеге техникалық қызмет көрсетуге 10 есе аз – 135 млн теңге жұмсауды жоспарлап отыр. Ол қаржы мемлекеттік бюджеттен бөлінеді. Платформаны пайдаланғаны үшін фермерлерден ақша алынбайды. АШМ Qoldau арқылы субсидия бөлудегі кемшіліктердің бірі ретінде коррупциялық сипаттың болуын атаған. 

Субсидиялардың негізгі үлесі ірі агрокәсіпорындар арасында бөлінеді. «Транстелеком» АҚ өңірлік өкілдері оларға бюджеттен субсидиялардың түскені туралы алдын ала хабарлайды, - деп жазды сайт. 

Бұған қоса, министрлік мемлекеттің балансында болуын мемлекеттік жүйенің негізгі басымдығы ретінде көрсетті. Жекеменшіктің Qoldau жүйесінен айырмашылығы, жаңа жүйе мемлекеттік мәліметтер базасымен интеграцияланып, нәтижесінде фермерлерге қосымша анықтама жинаудың қажеті болмайды. 

Қазақстанда ауыл шаруашылығына субисидия беру екі платформа арқылы жүзеге асады. Отандық мал өсірушілер субсидияға өтінішті Plem.kz платформасы арқылы рәсімдейді. Ал өсімдік шаруашылығымен айналысушар Qoldau жүйесіне тәуелді. Соңғы төрт жыл бойы елімізде ауыл шаруашылығындағы субсидия аталған платформада орналасқан электрондық сервис арқылы бөлініп келді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама