×

Қосшы тұрғындары жарыққа екі есе қымбат төлеп келеді

Қалалықтардың осы және басқа проблемалары Прокуратураға дейін жеткен

 Ербол Тұрымбет 04.02.2022 | 13:30
коллаж: Halyq Uni

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігіне елорда іргесіндегі Қосшы қаласындағы «Сиреневый сад»ТК тұрғындары шағымданған. Айтуларына қарасақ, 2019 жылы салынған үйдің маңы абаттандырылмаған. Уәде етілген трансформатор да орнатылмаған. Сайып келгенде, электр жарығын уақытша басқа жерден алып отыр. Оған заңды тұлға ретінде шамамен 2 есе қымбат төлеп келеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бірлестіктің Ақмола облыстық филиалы жетекшісі Ерлаз Жайықбаевтың сөзінше, 2019 жылы Целиноград ауданының құрылыс бөлімі «Еңбек-Аршалы» РММ-мен 339 млн теңгеге келісім жасайды. Ол мекеме Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарайды.

Келісім бойынша Қосшыдағы «Жайлау» тұрғын үй алабына электр желісін салынуы тиіс болған. Сол себеппен «Еңбек Аршалы» «Астанаэлектростройкомплект» ЖШС-нан қажетті құрал-жабдық сатып алу үшін 309 млн теңгеге келісімшарт жасасады. Оның ішіне трансформатор станциясын орнату жұмыстары да кіреді. Ендігі қызығы, «Астанаэлектростройкомплектке» төленген қаражат 284,7 млн теңге. Яғни 24 млн теңгенің ізі жоқ, - дейді Ерлаз Мұхтарұлы.

Сол үшін «Астанаэлектростройкомплект» трансформатор станциясын жеткізіп бермейді. Олардың үй маңына орнатылмағанын «Сиреневый сад» ТК тұрғындары да растайды. Өйткені зардабын тартып отырған солар. 

Жанна есімді «Сиреневый сад» тұрғынының айтуынша, олар 2019 жылдан бері электр қуатын кранға арналған трансформатор станциясынан алып отыр. Электр желісі жүргізілмегендіктен Ақмола электржелілік үлестіру компаниясына қосыла алмайды. Соның кесірінен тұрғындар жарық құнын 18 теңгенің орнына заңды тұлға ретінде 32 теңгеден төлеп отыр. 

Жалпы әу бастан «Еңбек Аршалының» бұл шаруаға қалай кіріскені де түсініксіз. Себебі бұл мекеме электр желілері бойынша тендерге қатысуы үшін экономикалық қызметі сай келуі тиіс еді. Одан бөлек, ашық дереккөздерге қарағанда 2016-дан 2019 жылдың аяғына дейін осы мекеменің қатысуымен 32 рет сот процесі өткен. 2020 жылы 39-ға жеткен. Қарапайым тілмен айтқанда, басы даудан арылмаған мекемеге кімнің бүйрегі бұрып жүргені жасырын. 

Ал үйдің өзі салынғанымен, не электр желісі жоқ, тіпті ешқандай абаттандырылмаған. Оның үстіне, үй о баста үлескерлер үшін салынған екен. Облыс бюджетінен үй айналасын абаттандыруға деп бөлінген 70 млн теңге де ізім-ғайым жоқ. Үй маңының астаң-кестеңі шығып жатқаны соған дәлел. Ендеше оны қалай қабылдап алған? Қабылдау комиссиясының осыншалық «соқыр» болғаны тіпті қызық. 

«Әділдік жолы» осы мәселе бойынша облыстық Ішкі аудит департаменті мен Жемқорлықпен күрес қызметіне хат жолдаған. Тексеріс жүргізген департамент материалдарын прокуратураға жолдаған. Ал прокуратура қазір қылмыстық кодекстің 189-бабы (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. 

Жағдайды түсіндірген «Еңбек» РМК мәлімдеуінше, сол уақытта «Еңбек-Аршалы» филиалының айналымындағы қаражат өндірістің басқа шығынына жұмсалған. Қазір мәселе «Еңбек» РМК оңалту шараларының аясында шешіліп жатыр. 2021 жылы 10 миллион теңге қаражат төленген. Енді жақын уақытта қалған 14 миллион теңгені қайтару жоспарланған. 

«Еңбек Аршалының» жағдайы осымен түсінікті болды. Ал салынған үйді 2019 жылы шалажансар күйде қабылдай салған кім? Бұл мәселеге Антикор не дейді? Ендігі басын ашып алатын мәселе осы болып тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама