×

Нұрәли Әлиевке тиесілі Qoldau платформасы фермерлерден ақша алып отырған

Платформаны дайындауға «Транстелеком» АҚ тапсырыс берген

 Айнұр Шошаева 01.08.2022 | 16:54
Коллаж: Halyq Uni

Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК-ті субсидиялаудың жаңа жүйесін әзірледі. Оның басты жаңалығы фермерлер үшін субсидиялау қызметтері тегін болмақ, яғни қосымша ақы алынбайды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қазақстанда соңғы бес жылда агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне тоқталған Тоқаев жылдар бойы фермерлерге бөлініп келген субсидияға талдау жасалмағанын сынаған еді. 

Президенттің пікірінше, фермерлерге бөлінген қаржынының «қызығын» ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар да көріп келген. Сондай-ақ соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тіркеген 960 қылмыстық істің 54 пайызы субсидияны жымқыруға қатысты. Мәселен, жайылымдық жерлерді суландыруға 80 миллиард теңге бөлініп, алайда оның тең жартысы желге ұшқан. Субсидия алу кезінде жұмысқа қажетті құрал-жабдықтың бағасы 2-3 есе артық көрсету фактілері жиілеп, кей жағдайда қаржыны қағаз жүзінде игеріліп келген.

«Жағдай түзелмесе, агроөнеркәсіп кешені шикізат өндіруден ары аса алмайтыны анық. Субсидиялаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі жоқ. Жеке құрылымдар субсидия бөлуге қатысты түрлі порталдар (qoldau.kz, plem.kz – ред.) ашқан. Олар өз қызметі үшін шаруалардан 3-11 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақша алып отыр. Шаруалардың бұған наразылық білдіруі орынды. Үкіметке субсидиялау туралы ақпаратты толық қамтитын платформа әзірлеуді тапсырамын», деген Президент платформа шаруаларға тегін қызмет көрсетуі керектігін ескертті.

«QOLDAU ҚАЗАҚША «СӨЙЛЕМЕЙДІ»

Отандық аграрийлерге берілетін мемлекеттік субсидия екі платформа арқылы жүзеге асырылады. Отандық мал өсірушілер субсидияға өтнішті plem.kz платформасы арқылы рәсімдесе, өсімдік шаруашылығымен айналысушар qoldau.kz жүйесіне тәуелді. Соңғы төрт жыл бойы елімізде ауыл шаруашылығындағы субсидия аталған платформада орналасқан электрондық сервис арқылы бөлініп келді. Белгілі болғандай, фермерлер бюджеттен субсидия алу үшін аталған платформаға тіркелуге міндетті. Біз аталған платформаның жұмысымен танысу үшін сайтқа кіріп көрдік.

Айта кетерлігі, qoldau.kz сайтында ақпарат үш тілде беріледі деп көрсетілген. Бірақ сайттың қазақша нұсқасын таңдағанда бөлімдегі ақпараттың барлығы дерлік тек орыс тілінде екенін байқауға болады. Ауыл-аймақтағы шаруалардың дені қазақ тілінде қызмет алғысы келетінін ескерсек, Qoldau платформасы өз міндетін толық атқарып отырған жоқ.

НҰРӘЛІ ӘЛИЕВТІҢ «ТРАНСТЕЛЕКОМЫ» ТАПСЫРЫС БЕРГЕН

Платформаның 262 149  пайдаланушысы бар. Жобаны әзірлеуші компания ретінде «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ көрсетілген. Бұл орталық еліміздегі жекешелендіру нәтижелерін есепке алып отырумен айналысады. Интернетте аталған орталықтың «Транстелеком» АҚ атынан жасалған ақпараттық сервиске қолжетімділікті ұсыну бойынша пайдаланушылық келісімі бар. Онда атқарушы («Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ) «Субсидиялауға өтінім қабылдаудың электрондық реестрі» ақпараттық сервисіне қолжетімділікті ұсынатыны жазылған.

Аталған келісімде платформаны пайдаланушы жылына 3 АЕК мөлшерінде ақы төлеуі тиіс. Төлем орталықтың есеп-шотына төленеді. «Сервис үшін төлем болмаған кезде немесе пайдаланушының берешегі болған кезде орындаушы («Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ) пайдаланушының жеке шотына қолжетімділікті шектеу арқылы сервисті ұсынудан бас тартады/тоқтатады» деп көрсетілген келісімде.

Пайдаланушылар, яғни шаруалар мемлекеттен субсидия алу үшін Qoldau сервисіне ақылы түрде тіркеледі. Алайда субсидия мемлекеттен тегін беріледі, оны бөлгені үшін мемлекет шаруалардан ақша алмайды.

Еске сала кетейік, qoldau.kz платформасына тапсырыс берген «Транстелеком» компаниясы Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәли Әлиевке тиесілі. 2016 жылы 4 тамызда акционерлердің жалпы жиналысының шешімімен Әлиев «Транстелеком» АҚ директорлар кеңесінің құрамына сайланді. Компанияның сайтындағы ақпаратқа сенсек, ол бүгінгі күні ТТС-Директорлар кеңесінің төрағасы. 

Демек, осы уақытқа дейін фермерлер субсидия алу үшін qoldau.kz платформасына тіркелген шаруалардың төлеген ақшасын Нұрәли Әлиевтің компаниясы алып отырған. 

«СУБСИДИЯЛАУДЫҢ ЖАҢА ЖҮЙЕСІ ТЕГІН БОЛАДЫ»

Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК-ті субсидиялаудың жаңа жүйесін әзірлеп жатыр. Оның басты талабы – субсидиялау көлеміне байланысты абоненттік төлем түрінде алынатын ақыны алып тастау. 

«Бұл заңды талап. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қолдау (субсидиялау) шаралары мемлекеттік қызметтер болып табылатындықтан тегін көрсетілуі керек. Бұл қызметтерді 200 мыңнан астам агроқұрылым алып отыр. Пандемияның басында ай сайынғы төлемді біржақты көтеру кезеңінде фермерлерге субсидия алу тиімді болмады, өйткені төлем мөлшері субсидияның көп бөлігін құрады немесе одан асып түсетін», – деді Ауыл шаруашылығы министрлігі. 

Қазір қолданыстағы платформаға балама ұсыну мақсатында 2021 жылдың соңынан бастап Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі «АӨК мемлекеттік субсидиялаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін» (МСБАЖ) әзірлеп жатыр. Жаңа жүйенің екі артықшылығы болады, деп қосты ведомство. Біріншіден, АӨК субсидиялау бойынша барлық мемлекеттік қызметтер электрондық форматта көрсетіледі. Екіншіден, фермерлер үшін субсидиялау қызметтері тегін болмақ, яғни қосымша ақы алынбайды.

«Мал шаруашылығы, сондай-ақ өсімдік шаруашылығы, инвестсубсидиялау және басқа да бағыттар бойынша барлық қызметтер әр түрлі ақпараттық жүйелерде емес, бірыңғай жүйеде көрсетіледі. Сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушылардан (фермерлерден) субсидияларды алудың орындылығын растау үшін қосымша анықтамаларды талап ету қажеттілігі жойылады, өйткені талап етілетін ақпарат интеграция арқылы мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынады деп көзделіп отыр», – деді министрлік.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама