×

Жаппай бүліктен зардап шеккен кәсіпкерлерге өтемақы беріле бастады

Мәселен, Алматы қаласында 17 кәсіпкер жалпы сомасы 33 млн теңгеге төлем алды

 Қымбат Елтайқызы 31.01.2022 | 09:00
коллаж: Halyq Uni

Өңірлерде зардап шеккен ШОБ субъектілеріне залалды өтеу бойынша төлемдер беріле бастады.

Шағын және орта бизнес субъектілеріне келген залалды өтеуге арналған өтінімдерді қарау жөніндегі өңірлік комиссиялар кәсіпкерлерден түскен өтінімдерді белсенді түрде қарап жатыр.

Биылғы 31 қаңтардағы жағдай бойынша InfoKazakhstan.kz электрондық платформасы арқылы Алматы, Шымкент қалаларынан, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан залалды өтеуге 2000-нан астам өтінім берілді, – дейді үкімет.

Залалды өтеу тетігі өтінімдерді оңайлатылған тәртіп бойынша және сот сараптамасының қорытындылары негізінде өтініш берушінің қалауы бойынша қарауды көздейді. Алматы қаласында сараптамаларды жедел жүргізу үшін 33 сарапшы жұмыс істейді. 68 сот сарапшысынан тұратын қосымша резерв құрылды. 

Өңірлік комиссиялардың жұмысы аясында оң шешімдер қабылданды. Алғашқы өтемақылар өтініш білдірген бизнесмендердің есеп шоттарына аударылды. Мәселен, Алматы қаласында 17 кәсіпкер жалпы сомасы 33 млн теңгеге төлем алды.  

Үкімет бизнестің қызметін қалпына келтіру мақсатында оларға келген залалды жедел өтеу жөніндегі жұмысты одан әрі жалғастырады.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама