×

Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне не түрткі болғанын түсіндірді

Теңгенің долларға қатысты бағамы сәуірден бері алғаш рет 430-дан асты

 Ербол Тұрымбет 19.11.2021 | 13:01
көрнекі фото: ашық дереккөзден

18 қарашада Қазақстан қор биржасындағы доллар-теңге валюта жұбының биржадағы сауда-саттығы 431,60 теңге деңгейіне жетті. Ал жекелеген ақша айырбастау орындарында қазір доллар 433,3 теңгеден сатылып жатыр. Бұл – сәуір айынан бергі уақыттағы ең жоғары көрсеткіш. Төл валютамыздың тағдырына қатысты Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаменінің директоры Нұржан Тұрсынханов түсініктеме берді.

Оның айтуынша, доллардың қымбаттауына энергия тасымалдаушылар нарығында болып жатқан жағдайлар мен халықаралық нарықтағы ахуал әсер етіп отыр.

Бір жағынан, қазанның соңынан бастап мұнай бағасын белгілеу соңғы 7 жылдағы ең жоғары көрсеткіштен 5%-дан астам көрсеткішке төмендеді. Оған бірнеше себеп бар. Алдымен Байден әкімшілігінің мұнай бағасының өсуін тежеу шараларын қолға алатындай әрекеттері, оған қоса, ОПЕК пен Халықаралық энергетика агенттігінің жақын арада мұнай нарығында ұсыныс артылып қалуы мүмкін деген болжамы әсер еткен. Нарық қатысушыларын алаңдатып отырған тағы бір жайт - АҚШ пен Қытайдың стратегиялық резервтерінен мұнайдың сатылуы. Оған екі ел басшылары 16 қарашада соңғы келіссөздер кезінде уағдаласқан, - деді Ұлттық банк өкілі.

Екінші жағынан, АҚШ-та инфляцияның жоғары көрсеткішіне қарсы шара ретінде жуық арада мөлшерлемені өсіре бастауы дамушы елдердің валютасының тартымдылығын төмендетеді. Яғни, теңгені де әлсіретеді деген сөз. АҚШ-та инфляция қарқынының соңғы 30 жылдағы ең жоғарғы меже – 6,2%-ға дейін жетуі сол елдегі пайыздық мөлшерлемені көтеру мерзімін жақындата түсіп, облигациялар кірісін өсірді. Сөйтіп, АҚШ долларының нығаюы дамушы елдердің валютасына жан-жақты қысым көрсетіп келеді.

EMCI J.P. Morgan дамушы елдер валюталарының индексі қазанның соңынан бері 2,1%-ға әлсіреді. Дамыған елдердің орталық банктерінде қатаңдату кезеңі басталған соң дамушы елдердің нарығынан капиталдың әкетілуі инвесторлардың күмәндануына алып келді. Мәселен, түрік лирасы 15,2%-ға, Оңтүстік Африка ранды 2,7%-ға, Чили песосы 2,2%-ға құлдырады, дейді Нұржан Тұрсынханов.

Ұлттық банк өкілінің айтуынша, дамушы елдердің нарықтарына қатысты сентимент өзгергендіктен Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына бейрезиденттер қызығушылығы азайған. Олар ай басынан бері инвестицияларды 23 млрд теңгеге (3%) қысқартты.

Ресей рублі де геосаяси тәуекелдер күшейіп бара жатқандықтан әлсіреп жатыр. Оған АҚШ ресми өкілдерінің бірқатар мәлімдемесі ықпал етті деген пікір айтылды. Қараша басталғалы рубльдің АҚШ долларына қатысты бағамы 3,1%-ға әлсіреп, бір доллар 70,9-дан 73,1 рубльге дейін едәуір қымбаттады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама