Шешімді елорданың тергеу соты қабылдады
Экология вице-министрі болған Ахметжан Пірімқұлов пен «ӨКМ операторы» ЖШС бұрынғы басшысы Медет Құмарғалиев екі айға қамауға алынды.
Бұл шешімді Нұр-Сұлтан қаласының тергеу соты 27 қаңтарда шығарды.
Бұған дейін Ахметжан Пірімқұлов пен Медет Құмарғалиевтің сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасады деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған едік.
Сондай-ақ «Оператор РОП»-тың тағы бір қызметкері - басқарушы директоры суицид жасағаны жайлы белгілі болды.
11 қаңтарда Мемлекет басшысы Мәжіліс отырысында автокөліктер үшін төленетін утилизация алымының мөлшерін қайта қарауды тапсырған еді. Нақтыласақ, үкіметке утилалымды және «Оператор РОП-тың» сол утилалымды иелік етуін тоқтату бойынша тиісті шараларды қолға алуды тапсырды.
«Бұл жұмыспен шет мемлекеттердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы қажет,» - деді Президент.
«ӨКМ операторы» ЖШС 2015 жылдың соңында үкімет қаулысымен құрылды. 2016 жылдан бүгінге дейін утилизация алымы түрінде компанияға 691,9 миллиард теңге түсті. Оның ішінде отандық автокөлік өндірушілерге 338,9 миллиард теңге қайтарылса, экологиялық мәселелерді шешуге 102 миллиард теңге бөлінді. Ал 49,1 миллиард теңгесі салыққа төленді. Қазір екінші деңгейлі банктерде қалған қаржы – 220,6 миллиард теңге.