×

120 миллиард теңге: қазақстандықтардың бұрынғы несиесі кешірілмек

«Бюджеттік кодекске» енгізілетін өзгерістер қазір қоғамдық талқылауға шығарылған

 Еркеғали Болатұлы 20.07.2022 | 17:10
фото: ашық дереккөз

Қаржы министрлігі «Бюджет кодексіне» өзгеріс енгізіп, 90-жылдары мемлекет тарапынан кәсіп ашуға берілген берешектерді кешіру мәселесін қарастырып жатыр. Яғни несиесін 30 жылдай төлемей жүрген кәсіпорын иелері табылмаса, онда оның қарызы жойылады деп хабарлады 31 арна.

Бұл өзгеріс тек заңды тұлғаларға ғана байланысты күшіне енбек. Мұндай несиелердің мөлшері қазір 120 миллиард теңгені құрайды. Биліктегілер кезінде жергілікті әкімдіктер мен Үкімет қарыз берген несие иелерін табу оңай емес екенін айтты. Себебі 90-жылдары көп кәсіпорындардың «бизнесті сәйкестендіру нөмірлері» жоқ болған.

Қаржы министрлігі жыл сайын есеп бергенде бұл берешектердің статистикаға кедергі келтіретінін айтады. Сол себептен де заңға осындай өзгеріс енгізбек. Енді «Бюджеттік кодексте» «Өндіріп алуға үмітсіз берешек» деген ұғым пайда болмақ.

Үкімет жыл сайын есеп берген кезде осындай таптағы адамдардың бершегі тізімде тұрады. Бұндай деректердің бізге не қажеті бар? – деді Қаржы министрлігі бюджеттік несиелеу департаменті директорының орынбасары Дархан Биниязов.

Оның айтуынша, қайтарылмаған бюджеттік кредиттердің иесін табу жұмысы Әділет министрлігі мен азаматтарға арналған үкімет корпорациясымен бірігіп жүзеге асырылып жатыр. Алайда мұндай ұсынысқа экономистер қарсылық танытты.

Өмірде түрлі жайттар болады. Әрине, несиені кешіру керек. Бірақ заңды тұлғалардың емес, жетім-жесірлер, көп балалы аналар мен ауылдағы жағдайы келмегендерге қарастырған жөн. Осы мәселе бойынша үлкен тексеріс жүргізу керек. Себебі қаржыны бюджет емес, банк беруі керек, - деді экономист Бейсенбек Зиябеков.

Ол 90-жылдары биліктің халыққа зейнетақыны уақытында төлей алмаған кездерінде мұндай қомақты қаржының несие ретінде берілгеніне таң қалатынын айтты. Осыған байланысты банктер мен қаржы саласындағылардың үстінен тексеріс жүргізу керек екенін де қоса кетті.

«Бюджеттік кодекске» енгізілетін өзгерістер қазір қоғамдық талқылауға шығарылған. Екі айдан кейін құжат Мәжіліске ұсынылмақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама