×

Қазақстанда утилизациялық алымды алып тастау туралы петицияға 140 мың адам қол қойды

Министр елдегі утилизациялық алым өзге елдердегі мөлшерге сай екенін айтты

 Жандос Байділда 19.11.2021 | 10:02
көрнекі фото: kolesa.kz

Қазақстандықтар утилизациялық алымды алып тастау туралы петиция жариялады. Egov.press сайтында жарияланған онлайн петицияға 140 мыңға жуық адам қол қойған.

Онлайн петицияда Қазақстанда 2016 жылдан бастап автокөлікке кәдеге жарату алымы енгізілгені, қазір оның мөлшерлемесі 400 000-нан бастап 5 500 000 теңгеге дейін өзгеріп отыратыны айтылған.

Әлемдік тәжірибеде кәдеге жарату алымының мөлшерлемесі он есе аз. Мысалы, Германияда ол 100 еуроға, Нидерландта 30 еуроға тең, ал Жапонияда кәдеге жарату алымының мөлшерлемесі Қазақстанға қарағанда 80 есе аз. Кәдеге жарату алымын енгізгеннен кейін ҚР-да автомобильдердің бағасы орта есеппен 2 есе өсті. Қазақстанда барлық посткеңестік елдер арасында автомобильдер бағасы ең қымбат. ҚР-да ресейлік және армян нөмірлерімен көптеген автомобильдер пайда болды. Қазақстанда автомобильдер паркі ескіріп, экологияны нашарлатады, - делінген.

Азаматтардың талабына қатысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов пікір білдірді. Министр елдегі утилизациялық алым өзге елдердегі мөлшерге сай екенін атап өтті.

Егер біздегі утилизациялық алым мөлшерін Ресей, Өзбекстан, Беларусь сияқты көрші елдермен салыстырсақ 1000-нан 2000 куб сантиметр көліктің алымы миллион теңгеден сәл төмен екенін көруге болады. Ол өзге елдердікімен деңгейлес, тіпті біраз төмен. Бұл жерде бізде градацияның жоқ екені атап өткен жөн. Мысалы біз жаңа, қолданыста болған көлік деп бөліп отырған жоқпыз. Ал Ресейде олай бөлінеді. Үш жылға дейінгі, жеті жылға дейінгі көліктің алым мөлшері әртүрлі, - деді министр.

Серікқали Брекешов утилизациялық алым мөлшерін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің есептеуі бойынша белгілейтінін жеткізді.

Бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Қазақстандағы ескі көліктердің утилизация нормаларына қатысты түсініктеме беріп, елде 2015 жылдан бер утилизациялық алым талаптары қаралмағанын айтқан болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама