×

«Самұрық-Қазына» бюджетке табысының 10 пайызын ғана төлеп келген – депутат

Аманжан Жамалов Қордың бүкіл табысын республикалық бюджетке түсіруді талап етті

 Ербол Тұрымбет 26.01.2022 | 11:20
коллаж: Halyq Uni

«Самұрық-Қазынаны» құрған кезде оның табысын арттыру, мемлекеттік бюджетке түсімдерін ұлғайтып отыру көзделген еді. Алайда осы уақытқа дейін мемлекет бюджетіне түскен дивиденттер көлемі бюджеттен олардың инвестициялық жобаларына бөлініп отырған қаржысынан әлдеқайда төмен болып келді. Мысал үшін, 2019 жылы «Самұрық» бюджетке 120 млрд теңге дивиденд төледі. Ал өзінің таза табысы 1,4 трлн теңгені құрады. 

Осы күнге дейін Қор қаражаттың көп бөлігін таратуда да, қарыз алуда да өз бетінше саясатын жүргізді. Бүгінде қор табысын әр азаматқа бөліп беру керек деген сөз айтылып жатыр. Бірақ «Самұрықтың» қазіргі қаржылық жағдайына қарасақ, ол әр азаматқа айына 500 теңгеден келеді. Сондықтан құр сөзге алдана бермей, қор неліктен тиімсіз болып қалды дегенге бас қатыруымыз керек. Сондықтан біріншіден, қордың профильді және профильді емес активтеріне аудит жүргізу керек. Профильді емес компанияларын бәсекелестік ортаға беру керек, – дейді депутат.

Сонымен бірге депутат бүкіл профильді компанияларының тиімділігін бағалау керектігін айтады. Олардың қаржылық жағдайын жақсартып, содан кейін ғана қор нарығы арқылы саудаға шығару керек. Осыны жасамаса, жұрт нені сатып алайын деп жатқанын, нақты инвестициялық табыс табатынын, әлде қыруар қарызға батарын түсінбей қалады. Өйткені «Самұрық Қазынаның» қазіргі қарызы 7,5 трлн теңгеден асады. Бұл – шамамен 18 млрд доллар. 

Депутат Жамалов айтқан тағы бір жайт, қорға қатысты шешім қабылдарда, құрылымын өзгертерде сыртқы жағдайларына ерекше мән беру керек. Өйткені «Самұрық» шығарған еурооблигациялар мен ұлттық компаниялардың алған қарыздары бар. Оларды уақытылы төлеп отыруы керек. Кешіксе айыппұл, өсімпұлы бар. 

Егер реформалау туралы шешім атүсті қабылданса, ол кредиторлардың үрейін туғызады. Сосын олар кез келген уақытта пайызын көтеріп жіберуі немесе қарызды мерзімінен бұрын жабуды талап етуі мүмкін. Сайып келгенде оның бәріне үкімет жауапты болып қалмақ, – дейді Жамалов. 

Сондықтан қордың бүкіл төлемі орталықтандырылып, республикалық бюджетке түсіп, кейін мемлекеттік шараларға жұмсалуы, әрі ұлттық компаниялардың ақшасын жобаларға тікелей аударуды тыю керек деген пікірде.

Бұған дейін экономист Марат Шибұтов та «Самұрықтың» акционеріне төлеген дивиденттерінің тым мардымсыз екенін жариялаған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама