×

Елордада қалалық емханалардың бірі арнайы рұқсаты жоқ компаниямен келісімшарт жасасқан

Осындай жағдай қаладағы үш мемлекеттік кәсіпорында тіркелген

 Ербол Тұрымбет 22.06.2022 | 09:55
фото: 2gis.kz

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалы мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізіп, оның аясында тапсырыс берушілер мен өнім берушілер тарапынан экологиялық заңнама талаптары сақталмағаны анықтады.

РҚБ өкілдері мониторинг жүргізу барысында кейбір мекемелер мемлекеттік сатып алуларды жүргізу кезінде заң талаптарына назар аудармайтынын байқаған.

Мәселен, 2022 жылдың 4 сәуірінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «№ 5 қалалық емхана» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мен Magna KZ ЖШС арасында мемлекеттік сатып алу туралы №159-Б шарты жасалған. Аталған шартқа сәйкес өнім беруші Magna KZ ЖШС қауіпті қалдықтарды/мүлікті/материалдарды жою (медициналық жабдықтарды кәдеге жарату) бойынша қызметтер көрсеткен.

Алайда, «Қазақстан Республикасының электрондық лицензиялауы» ресми сайты бойынша Magna KZ ЖШС-ның мұндай қызмет түрлерін көрсетуге рұқсаты жоқ.

ҚР Экология кодексінің 336-бабы 1-тармағында кәсіпкерлік субъектілері қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу, залалсыздандыру, кәдеге жарату және (немесе) құрту жөніндегі жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) үшін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заң талаптарына сәйкес қызметтің тиісті кіші түрі бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге лицензия алуға міндетті екені жазылған.

Экология заңнамасының міндеттерінің бірі - адам өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету. Осылайша, № 5 қалалық емхана бұл талаптарды өрескел бұзған.

«Әділдік жолы» РҚБ болашақта мұндай фактілерге жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдау қажеттілігі туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының атына хат жолдады. Бұл хатта заңнама талаптарының бұзылуына жол берген кінәлі қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігін қарастыру ұсынылған.

Бұл бір ғана факті емес. Осыған ұқсас жағдай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығы» коммуналдык мемлекеттік мекемесі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Ақан Құрманов атындағы №17 мектеп-гимназия» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, Қорғаныс министрлігінің «Бас әскери емханасы» республикалық мемлекеттік мекемесі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№ 75 мектеп-гимназия» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында тіркелген.

Филиал тарапынан тиісті хаттар әзірленіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама