×

«Көшпенді болдық». Инвестор қазақстандықтардың қаржы пирамидасына неге жиі алданатынын айтты

Биыл 5 айда қаржы пирамидаларынан келген шығын көлемі 600 млн теңгеден асады

 Дәурен Ерболат 17.06.2022 | 16:16
Коллаж: Halyq Uni

Инвестор, трейдер Думан Ерқанат қазақстандықтардың қаржы пирамидаларына неге жиі алданатынын түсіндірді, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Ол бұл мәселе қаржы сауатына тікелей байланысты екенін атап өтті.

Қазақстандықтар қаржыға байланысты ақпараты аз болғандықтан қаржы пирамидаларына алданып жатыр. Сондай-ақ біз – қазақтар көшпенді халық болдық қой. Кезінде кез келген затқа тез қол жеткізіп жүріппіз. Мысалы, соғысып немесе күшпен тартып алу және тағы басқа дегендей. Себебі, заман солай болды, біздің кінәміз жоқ. Бірақ әдет қалыптасып қалған ба, біз қазір бір нәрсеге тез қолжеткігіміз келеді. Егер қаржылық сауатымызды ашсақ, жастар білімді болса, бұл мәселені шеше аламыз деп ойлаймын, - деді инвестор.

«Уоррен Баффет те бұлай пайда таппайды»

Думан Ерқанат бір айда 40-50% пайда табу мүмкін емес екенін айтып, жұртты қаржы пирамидаларына мүлдем сенбеуге шақырды.

«Мысалы, АҚШ-та доллардағы депозит 0,5%-дан жоғары емес. Мұны білу керек. Уоррен Баффеттің (танымал америкалық кәсіпкер, инвестор, миллиардер) өзі жылына доллармен 13-28% аралығында пайда табады», - деді трейдер.

«Кез келген зат оңай келмейді»

Сондай-ақ инвестор АҚШ-та білім алғанын, қор биржасында жұмыс істегенін, біраз тәжірибе жинағанын атап өтті.

«Мамандығым іскерлік әкімшілендірумен (business administration) байланысты. Бұл салада жұмыс істеп жүргеніме 6 жылдан асты. Басында аз ақшадан бастадық, кейін оның көлемі де өсті. Осы уақытқа дейін қаншама қателік жасалды... Мысалы, бір күнде биржада 9 мың доллар жоғалтқан жағдай болды. Ал ең жоғары дегенде бір күнде 20 мың долларға жуық пайда таптым. Осылайша, кез келген зат оңай келмейтінін түсіндім. Қазір адамдарға қаржылық кеңес беремін», - деді Думан Ерқанат.

Айта кетейік, қазір Ішкі істер министрлігінде Қылмыстық кодекстің 217-бабы («Қаржы пирамидалары») бойынша тіркелген істердің жалпы шығыны 600 млн теңгеден асады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама