Болат Мажағұлов 1 млрд теңге жымқырған
Қаржылық монторинг агенттігі елордалық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысын субұрқақты салу кезінде ақша жымқырғаны үшін қамауға алды, деп хабарлайды Halyq Uni.
ҚМА Астананың «Мәдениет басқармасы» ММ-нің бұрынғы басшысы мен мердігер ұйым өкілдеріне қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, деп мәлімдеді агенттіктің баспасөз қызметі.
2016 жылы Астана күні мерекесіне орай салынған «Күн» («Есіл өзеніндегі жарық-иллюминациялық және от шоуы») субұрқағының құрылысы кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілмей, тікелей келісімшарттар жасалған. Субұрқақ жобалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей салынған. Құрылыс барысында техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін сапасыз материалдар қолданылған. Нәтижесінде аталған нысан 2017 жылдан бастап жұмыс істемей, қазіргі таңда апатты жағдайда тұр. Ұрланған қаражаттың көлемі 1 млрд теңгеден асып отыр, – деп қосты ведомство.
Күдікті, елорданың «Мәдениет басқармасы» ММ-нің бұрынғы басшысы құрықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу аясында оның мүлкіне тыйым салынды. Оның ішінде 3 коммерциялық нысан, 2 автотұрақ орны және бас қаладағы премиум санаттағы пәтер. Аталған іс бойынша күдіктілердің мүлкіне жалпы сомасы 572 миллион теңгеден астам сомаға шектеу қойылды.
ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.
Бұған дейін Болат Мажағұловтың ұсталғаны жайлы жазған едік.