Halyq Uni логотип
×

«Қаржы үнемдеудің ең төте жолы»: Сарапшы су тасқыны кезінде форумдар өткізуді тоқтату жайлы

13-14 маусымға жоспарланған Астана халықаралық форумы өтпейтін болды

 Айнұр Шошаева 19.04.2024 | 14:23
«Қаржы үнемдеудің ең төте жолы»: Сарапшы су тасқыны кезінде форумдар өткізуді тоқтату жайлы
photo © Halyq Uni / Мейірбек Тажқұранов

Қаржыгер Расул Рысмамбетов су тасқыны салдарынан келетін шығын кезінде Қазақстанда имидж тұрғысындағы жобаларды тоқтатуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Сарапшының пікірінше, қазір елдегі су тасқынына байланысты форум-конференцияларды қысқартқан дұрыс.

Президент арасында имидж тұрғысындағы іс-шараларға бөлінетін қаржыны қысқарту туралы тапсырма береді. Қаржы үнемдеудің ең төте жолы. 7 млрд теңге – мұндай іс-шаралар үшін көп ақша емес. Жалпы қазір су тасқынынан зардап шеккен халыққа өтемақы төлеп, көмектесу үшін мұндай шығындарды қысқартып жатқаны дұрыс. Меніңше, жағдай дұрысталған соң –  келесі жылдан бастап мұндай іс-шараларды өткізе беру керек. Бірақ 1,5-2 млрд доллар жұмсалған ЭКСПО сияқты жоба болмауы керек, - деді сарапшы.

Сондай-ақ қаржыгер мемелекеттің міндетті түрде жарнама тұрғысынан емес, қайта имидж тұрғысынан іс-шаралар өткізгені жөн деп есептейді. Себебі ел имиджін қалыптастырумен мемлекеттің өзі айналысқаны дұрыс.

«Мысалы, ол ғылыми конференция болуы мүмкін. Біз экономист, қаржыгерлерді жинаймыз. Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде 9-орында болғанымен, біз туралы әлі ешкім білмейді. Димаш Құдайберген мен Геннадий Головкин болмаса, тек Бораттың арқасында танитын еді. Сондықтан біз имиджімізді өзіміз реттемесек, оны басқа біреулер басқаратын болады. Бұл өте маңызды. Қазақстанға қырын көзбен қарайтын, өз мүддесі үшін пайдаланғысы келетін, біз туралы жаман имидж қалыптастыруды қалайтын елдер бар. Олар біздің жауымыз емес, бірақ біздің имиджімізді қалыптастыруды көздейді. Сол себепті өзіміз айналысуымыз керек. Қаржыгер ретіндегі пікірім – мұндай форум-конференциялардың беретін пайдасы көп. Ең бастысы, ұйымдастыруға бөлінген қаржы талан-таражға түспей, мемлекет имиджін қалыптастыру мақсатында жұмсалуға тиіс», - деп қосты Рысмамбетов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бірнеше өңіріндегі елді мекендері су басқан соң, бюджет қаржысын үнемдеу үшін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді.

Мен бюджет қаржысын үнемдеу үшін ірі халықаралық форумды өткізуден бас тарттым. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығынды қысқартамыз. Әрине, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тарту мүмкін емес. Бірақ оған жұмсалатын қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұдан бөлек, еліміздің Токиода өтетін Дүниежүзілік көрмеге қатысуына бөлінген бюджет те қысқарады, – деді президент.

Сондай-ақ су тасқынынан кейін билік биылға жоспарланған имидж тұрғысындағы бірқатар халықаралық іс-шараны өткізуден бас тартты. Атап айтқанда 13-14 маусымға жоспарланған Астана халықаралық форумы өтпейтін болды. Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі биылғы 25-26 сәуірге жоспарланған Қазақстан машина жасаушыларының ХІІ форумы елдегі ауқымды су тасқынына байланысты өткізілмейтінін және 2025 жылға ауыстырылатынын хабарлады.

Бұған дейін жазғанымыздай, eoz.kz порталының мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 2022, 2023, 2024 жылдары форум-конференция, семинар, байқау, спорттық мәдени іс-шараларға 63,3 млрд теңге бөлінген. Бұдан бөлек мемлекеттік органдардың 2023-2024 жылдардағы өкілдік шығындары 2,3 млрд теңгені құраған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама