×

Форум және жиын-тойдан бас тарту: Соңғы үш жылда Қазақстан имидждік іс-шараларға 63,3 млрд теңге жұмсаған

Сарапшылар имидждік іс-шараларға бөлінетін қаржыны қадағалау қиын екенін айтады

 Айнұр Шошаева 17.04.2024 | 12:25
photo © Halyq Uni / Мейірбек Тажқұранов

Қазақстанда соңғы үш жылда форум-конференцияны өткізуге бөлінетін қаржының жартысынан көбі конкурссыз берілген, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқынынан кейін билік биылға жоспарланған бірқатар халықаралық имидждік іс-шараны өткізуден бас тартты. Атап айтқанда 13-14 маусымға жоспарланған Астана халықаралық форумы өтпейтін болды. Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі биылғы 25-26 сәуірге жоспарланған Қазақстан машина жасаушыларының ХІІ форумы елдегі ауқымды су тасқынына байланысты өткізілмейтінін және 2025 жылға ауыстырылатынын хабарлады.

Бұл биліктің имидждік іс-шараларды азайту туралы алғашқы бастамасы емес. Мәселен, 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке негізсіз имидждік және консалтингтік шығындарды азайтуды тапсырып, үкімет аталған тапсырмадан кейін 30 млрд теңге үнемделгенін хабарлаған болатын. Бір жылдан соң Тоқаев бюджет қаржысын қымбат көлік пен жиһазға жұмсауды тоқтату туралы тапсырма берді.

Еш қиындықсыз кейінге қалдыруға болатын шығындарды анықтау керек. Бірінші шара ретінде қымбат көлік пен жиһаз сатып алу, түрлі форумдар, семинарлар, конференциялар өткізу шығындарына ұзақ мерзімді мораторий жариялауды ұсынамын. Іс-шаралар айқын практикалық және идеологиялық пайда әкелуі керек. Барлық шығындар ақталуы керек, - деген еді Тоқаев.

Еске сала кетейік, 2023 жылы Астана экономикалық форумын өткізуге 1 млрд теңгеден астам бюджет қаржысы жұмсалған. Бұл форумды өткізу үшін Ұлттық экономика министрлігі қаржыны «QazExpoCongress» ҰК» АҚ шотына аударады. Ашық бюджет ресурсының мәліметі бойынша, компанияның бюджеттік жоспары 2024 жылы – 1,44 млрд теңге, 2025 жылы – 1,95 млрд теңге, 2026 жылы – 2,34 млрд теңге, 2027 жылы – 2,81 млрд теңге.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқынынан зардап шеккен үйлердің орнына салынатын бір жаңа үйдің құны 22 млн теңге болуы мүмкін екенін айтты.

«Қазір бүкіл әкімдік тиісті ақпаратты жинайды. Осыдан кейін біз сол жиналған ақпаратты қарастырамыз. Алдымен қаражат жергілікті бюджет есебінен бөлінеді, одан кейін республикалық бюджет қаражатын қарастырамыз. (Су тасқынынан қираған) үйлерге тоқталайын. Бір үйдің бағасы 22 млн теңге болады... Оның бір шаршы метрі – 280 мың теңге. Алайда бүгінде (су тасқынынан қираған) нақты үйлердің саны белгісіз. Жергілікті атқарушы билік бүкіл ақпаратты жинасын. Одан кейін тиісті қаражат бөлінеді. Қазір бір үйдің бағасы 22 млн теңге болуы мүмкін», - деді министр.

Демек, биылғы форумнан үнемделген 1,4 млрд теңгеге су тасқынынан зардап шеккен өңірде 65 үй салуға жетеді.

«ҮКІМЕТТІК ФОРУМНАН ДА БАСҚА ТИІМСІЗ ШЫҒЫНЫ КӨП»

Экономист Қайырбек Арыстанбековтің пікірінше, мемлекеттің имидждік іс-шараларды өткізудің бірнеше себебі бар.

Халықаралық тәжірибе бар. Осындай форумдардың арасында бәсекелестік те бар. Қай ел өткізді, қалай ұйымдастырды, протокол бойынша қандай қонақтар келгенімен жарысады. Сондай-ақ мұндай форумдардың аясында бейресми кездесулер болады. Ірі бизнесмендер мен инвесторлар көпшілікке айтыла бермейтін келісімшарттарды жасайды. Оны да мойындау керек, - деді ол.

Сондай-ақ сарапшы елде форумға жұмсалатын қаржыдан бөлек тиімсіз шығындар көп екенін атап өтті.

«Соларды қолға алса дұрыс болатын еді. Мысалы, үкіметтің кеңейтілген шығындары экономиканың 50 пайызын құрайды. Ол мемлекеттік бюджет, мемлекет тарапынан құрылған кәсіпорындардың шығындары, үкіметке тиесілі қорлар мен «Самұрық Қазына» бастаған квазимемлекеттік сектордың шығындарын қоссақ, ел экономикасының жартысынан асып кетеді. Яғни қысқартудың басқа да көздері бар. Қазір су тасқыны болып, өңірлер зардап шегіп жатқанда мұндай шығындарды азайту керек. Менің ойымша форумнан басқа да тиімсіз шығындарды қысқартуға болады. Мәселен, ол мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік тұтыну, мемлекеттік органдарға жұмсалатын қаржы. Яғни, экономиканың өсуіне ынталандырмайтын қаржыларды қысқартуға болады», - деді Арыстанбеков.

Айта кетейік, бюджеттен имидждік іс-шараларға көп қаржы жұмсалатыны туралы жиі айтылып келеді. Мәселен, «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов соңғы 3 жылда мемлекеттік мекемелер форум-конференцияларды ұйымдастыруға 77 млрд теңгеден астам қаржы жұмсағанын жазды.

Президент имидждік шығындарды азайту қажеттігін қанша айтса да, жағдайдың өзгеретін түрі жоқ. Соңғы үш жылда тек мемлекеттік органдар түрлі форумдар мен конференцияларды ұйымдастыруға 77  млрд теңгеден астам қаржы жұмсаған. Квазимемлекеттік сектордың осындай шығындарын қоссақ, 100 млрд теңгеден асады, - деп жазды ол.

«ИМИДЖДІК ІС-ШАРАЛАРҒА БӨЛІНЕТІН ҚАРЖЫНЫ ҚАДАҒАЛАУ ҚИЫН»

Мемлекеттік сатып алу бойынша сарапшы Ербол Сардарбековтің айтуынша, Қазақстанда 2023 жыл мен биыл төрт айда өкілдік шығындарға бюджеттен 2 520 931 944 теңге бөлінген.

«Жоспарда өкілдік шығындар жоспарланады. Кейбір жоспардың техникалық сипаттамасында әр тиынның қайда және не үшін жұмсалатыны нақты жазылады. Ал кейбір жоспарда нақты көрсетілмейді. Мысалы, көлік шығандары үшін деп жаза салады. Оның қызметі айтылмайды, алайда шығыны айқындалады. Яғни порталда бағаның негіздемесі жоқ, көрсетілетін қызметтің құны нақтыланбайды. Жартысына жуығында болмайды. Сондай-ақ бұл жемқорлық тәуекелін тудыратынын атап өту керек. Өйткені мұндай бағыттағы жұмыстың көбі конкурссыз өткізіледі», - деді сарапшы.

Сондай-ақ ол еліміздің заңнамалары өкілдік шығындар үшін келісімді конкурссыз өткізуге рұқсат беретінін айтады. Алайда конкурссыз жемқорлық тәуекелі жоғары болатынын естен шығармауды атап өтті.

«Мәселен, кейбір жобаның есебіне қатысты сұрақ туындайды, қалай есептегені түсініксіз. Өйткені бюдет есебін тапсырыс берушінің өзі істейді. Әдетте ол үшін әр компанияның коммерциялық ұсынысын алып, соның негізінде жалпы сома қалыптастырылады. Ал коммерциялық ұсынысты қалағанынша түзетуге болады. Осы жерде бағаның қалай қалыптастырылатыны түсініксіз. Оны анықтауда проблема бар. Біздің заңда «бағаны көтеру» деген түсінік жоқ. Қай кезде бағаның көтерілгені немесе тиімсіз пайдаланылғанын анықтауда дау туындап жатады. Форумның өткізілуі бөлек, ал өкілдік шығындар бөлек. Форум – іс-шараны ұйымдастыру. Оған ғимаратты жалға алу, жарықтандыру сияқты шығындар кіреді. Оның сыртында делегаттардың келіп-кетуі сияқты шығындар бар. Жалпы мемлекеттік сатып алу порталында форум өткізетін реестр жоқ. Сондықтан ол әртүрлі болып көрсетілуі мүмкін. Форум туралы айтатын болсақ, олардың 50 пайыздан астамы бәсекесіз, яғни конкурссыз өтеді», - деп қосты ол.

Айта кетейік, eoz.kz порталының мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 2022, 2023, 2024 жылдары форум-конференция, семинар, байқау, спорттық мәдени іс-шараларға 63,3 млрд теңге бөлінген.

Бұдан бөлек өкілдік шығындар бар. Мысалы, биылғы төрт айда бюджеттік мекемелердің өкілдік шығындарына 535 млн теңге жұмсалды. Өкілдік шығындарға ашықтық жетіспейді, - деді Ербол Сардарбеков.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама