×

Маңғыстауда ірі көлемде пара алған шенеунік сотталды

Оған 28 миллион теңге көлемінде айыппұл тағайындалды

фото: syrmedia

Маңғыстау облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бұрыңғы орынбасары Бақтыбай Ізімтаев пара алғаны үшін сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады. 

«2022 жылдың 30 мамырында Ақтау қалалық сотының үкімімен Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Бақтыбай Ізімтаев күн панельдерін жеткізушілерден субсидия беру кезінде жалпы қамқорлығы үшін пара алу фактісі бойынша кінәлі деп танылып, оған 28 миллион теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Сонымен қатар, ол мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды», - делінген хабарламада. 

Сондай-ақ, күн панельдерін жеткізушілер Шынболат Құмар, Жақсылық Аралбаев пара бергені үшін сотталып, әрқайсысына 2,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар, сот «Байсырымов» ЖК иесін жалған құжаттарды ұсыну арқылы субсидия сомасын алған алаяқтық фактісі бойынша кінәлі деп танып, оған 3 жылға бас бостандығын шектеу тағайындады.

Сотталғандардың қылмыстық іс-әрекеті нәтижесінде мемлекетке 6,9 миллион теңге көлемінде залал келтірілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама