×

Павлодарда аудан әкімдіктері 2,2 млрд теңгені заңсыз жұмсамақ болған

Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды

 Динара Амантай 14.02.2024 | 12:38
Фото: Halyq Uni

Павлодарда аудан әкімдіктері 2,2 млрд теңгені заңсыз жұмсамақ болған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, Павлодар облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы Баянауыл ауданының Жаңатілек ауылында 1 млрд теңгеге гидромелиоративтік жүйені қайта жаңарту бойынша жұмыстар жүргізуге хабарландыру жариялаған. Осыған ұқсас жағдай, осы ауданның Қаныш Сәтбаев ауылында гидромелиоративтік жүйені қайта жаңартуға 1,2 млрд теңге көлемінде бюджет қаражаты бөлінді. Екі жағдайда да жобалау-сметалық құжаттамада дамбаны қайта жаңарту көзделген.

Осы жұмысты жүргізуге қойылатын біліктілік талаптарында мемлекеттік лицензиясыз, яғни тиісті білімі мен жұмыс тәжірибесі жоқ шаруашылық жүргізуші субъектілер жіберілген. Алайда мұндайға заңда жол берілмейді, – делінген прокуратура хабарламасында.

Қадағалау актісі бойынша жарияланған конкурстың қорытындысы шығарылғанға дейін күші жойылып, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды.

Павлодар облысының прокуратурасы жыл басынан 4,4 млрд теңгені қамтитын 25 мемлекеттік сатып алудың күшін жойды.

Қазір прокуратура 2024 жылға арналған бюджеттік жоспарлау сатысында шаралар қабылдап жатыр.

Мысалы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бюджеттік өтінімінде Аққулы ауданындағы Тосағаш және Майқарағай ауылдарында 25 млн теңгеге балалар алаңдарын жайластыру жоспарланған. Осы өтінімдерді зерделеу екі ауылдық округте бірдей ойын кешендеріне 50%-ға жуық қымбаттатылған түрлі баға ұсыныстарын қолданғанын көрсетті, – делінген хабарламада.

Аталған факті бойынша тиісті шаралар қабылданды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама