×

«Қылмыстық іс қозғалатын күн алыс емес». Сыр еліндегі 184 млн теңгенің спорт кешеніне қатысты дау шықты

Спорт кешеніне бөлінген қаражаттың жартысы игеріліп қойған, бірақ нысанның тек қаңқасы ғана тұр

 Айнұр Шошаева 27.05.2022 | 14:43
фото: Halyq Uni

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қазақстан өңірлеріндегі спорт нысандарының құрылысына қатысты мемлекеттік сатып алу порталында орналастырылған тапсырыстарға мониторинг жүргізді. Нәтижесіне Қызылорда облысында қаржысы жартылай игеріліп, алайда екі жылдан бері аяқталмаған нысанды анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов Қызылорда облысы, Арал ауданының Жақсықылыш кентіндегі спорт кешені 2020 жылдан бері тапсырылмағанын жазды.

«Жақсықылыш кентінде 184 957 536 теңге тұратын спорт кешенін тамашалаңыздар. Бұл «ғажапқа» 2020 жылдан бері 83 142 894 теңгені төлеп үлгерген екен. Бұдан бұрын Қызылорда облысының құрылыс басқармасының үстінен біздің ақпаратымыздың негізінде бір қылмыстық іс қозғалған болатын (мектеп бойынша), екіншісінің де ауылы алыс емес», - деп жазды ол.

Қызылорда облыстық құрылыс басқармасы бұл мәселеге түсініктеме берді. Арал ауданындағы Жақсықылыш кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы жүргізіліп жатыр. Нысанға тапсырыс берген - «Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесі. Құрылыстың бас мердігері болып «Системабезопастности-НС» ЖШС таңдалған. Нысанның келісімшарт бойынша құны – 184,9 млн теңге. Бүгінге дейін оның 86,3 млн теңгесі игерілген.

«Құрылыс-монтаж жұмыстары 2020 жылдың тамыз айында басталған. Облыстық бюджеттен 2020-2021 жылдары барлығы 86,3 млн теңге қаржы бөлініп толықтай игерілген. Аяқтауға қажетті 98,6 млн теңге қаржы 2022 жылдың мамыр айында бөлініп, қосымша келісімшарт жасалуда. Нысан 2022 жылдың соңына дейін аяқтап, пайдалануға қабылдау жоспарланып отыр», - делінген басқарманың ақпаратында.

Бұған қоса, басқарма 2020-2021 жылдары игерілген қаржының мақсатты жұмсалуына Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментімен 2021 жылдың тамыз айында тиісті тексеру жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Басқарманың мәліметінші, тексеру нәтижесі бойынша кемшіліктер анықталмаған.

«Әділдік жолы» РҚБ жетекшісі басқарма қосымша келісім жасау арқылы спорт нысанының тапсырылу мерзімін бірнеше рет ұзартқанын айтады. Сондықтан мерзімнің бұзылуын негізге алып, құқық қорғау органдарына хат жолдауды жоспарлап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама