×

500-ден 20 мың теңгеге дейінгі барлық банкнотты ауыстыру жоспарланып отыр

Ұлттық банк ескі және жаңа үлгідегі банкноттардың параллель айналыс мерзімін 1 жылға белгілейді

 Еркеғали Болатұлы 01.02.2024 | 16:18
фото: Ұлттық банк

Қазақстанда бірнеше жыл ішінде «Сақ стилі» сериясының барлық ескі банкнотын ауыстыру жоспарланып отыр. Кейбір жаңартылған банкноттар айналымға енді. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.

Ұлттық банктің мәліметінше, өткен жылдың желтоқсан айында номиналы 5 мың теңгелік «Сақ стилі» сериясының жаңартылған банкноттары айналымға шығарылды. Биылғы жазда номиналы 10 мың теңгелік банкнотты айналымға шығару жоспарланған.

Жалпы, осы серия аясында 2025 жылдың соңына дейін 500 теңгеден басталып, номиналды құны 20 мың теңгелік банкнотпен аяқталатын жаңа сериядағы банкноттардың барлық номиналын айналымға кезең-кезеңімен шығару жоспарланып отыр, - дейді Ұлттық банк өкілдері.

Бұл ретте жаңа дизайндағы банкноттар шығарылғаннан кейін бұрынғы дизайндағы банкноттар айналымнан кезең-кезеңімен шығарылады.

Ұлттық банк ескі және жаңа үлгідегі банкноттардың параллель айналыс мерзімін 1 жылға белгілейді. Қажет болған жағдайда бұл мерзім ұзартылуы мүмкін, - делінген хабарламада.

Параллель айналыс кезеңінде ескі және жаңа банкноттар заңды төлем құралы болып саналады. Олар төлемдер мен аударымдардың барлық түріне қабылданылады. Оларды Ұлттық банктің барлық филиалдарында, «Қазпоштада» және екінші деңгейлі банктерде шектеусіз айырбастауға болады.

Параллель айналыс кезеңі аяқталғаннан кейін барлық банктер мен «Қазпошта» бұрынғы үлгідегі банкноттарды жаңа үлгідегі банкноттарға тағы 3 жыл айырбастайды. 3 жыл өткеннен кейін Ұлттық банк филиалдары ескі үлгідегі банкноттарды мерзімсіз айырбастауды жалғастырады, - деді Ұлттық банк өкілдері.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама