×

Мемлекеттік қызметкерлер бағаны негізсіз көтеріп, пайда таппақ болған

Олар кеңсе тауарлары мен компьютер техникасының бағасын негізсіз көтерген

 Дәурен Ерболат 10.01.2024 | 13:55
Фото: Halyq Uni

Бүгінде мемлекеттік қызметкерлер бағаны негізсіз көтеріп, пайда таппақ болады. Бұл туралы Антикордың ресми өкілі Арман Тілеукенов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол мемлекеттік сатып алу порталының мониторинг нәтижесіне тоқталды.

2023 жылы мемлекеттік сатып алу мониторингі барысында 41,4 млрд теңгеге бағаны негізсіз көтеру фактісінің алды алынды. Мемлекеттік қызметшілер көбіне кеңсе тауарларын, жанар-жағармай материалдарын, компьютерлік техника мен азық-түлік өнімдерін сатып алу кезінде бюджет көлемін көбейткен. Сатып алуға бөлінген негізсіз соманы әкім аппараттары, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары енгізген, - деді Арман Тілеукенов.

Ресми өкіл сөзіне бірнеше дәлел келтірді.

«Мысалы, былтыр наурызда Қостанай облысында аудандық білім бөлімі литрі 580 теңге тұратын жазғы дизель отынының 43 мың литрін сатып алуды жоспарлаған. Осы уақытта дизелдің құны 250 теңгеден төмен болған. Ал сатып алуда баға 2 есе жоғары көрсетілген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуы нәтижесінде 14,8 млн теңге шығынға жол берілмеді.

Ақтөбе облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 15 млн теңгеге бір рет пайдаланылатын медициналық костюм жиынтығын сатып алмақ болған. Осындай көлемдегі тауардың нарықтағы орташа құны – 6 млн теңге. 9 млн теңге көлемінде үнемделген қаржы бюджетке қайтарылды.

Былтыр маусымда Абай облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы 2 млн теңгеге жиһаз сатып алуды жоспарлаған. Бұл – нарықтағы бағадан 1,5 есе қымбат. Сатып алу процесіне араласқаннан кейін жиһаздың бағасы 700 мың теңгеге төмендетіліп, 1,3 млн теңгеге сатып алынды.

2023 жылғы қарашада «Түркістан» ӘКК» АҚ өз веб-сайтын қайта құру қызметі бойынша 11 млн теңгеге лот ойнатуды жоспарлаған. Мұндай қызмет нарықта 5 млн теңгеден аспайды. Демек баға 2 есе жоғары көрсетілген. Антикор бюджет қаражатын негізсіз жұмсауға жол бермеу жөнінде ұсыныс енгізді. Нәтижесінде аталған қызмет 4 млн теңгеге сатып алынып, 7 млн теңге үнемделді, - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама