×

Такси жүргізушілері жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек – Қаржы министрлігі

Олар заң аясында жұмыс істеуге тиіс

 Дәурен Ерболат 09.01.2024 | 14:50
фото: Halyq Uni

Енді Қазақстандағы такси жүргізушілері жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеуге тиіс. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкіметтің баспасөз орталығында БАҚ өкілі министрдің орынбасарына өзекті сұрақ қойды.

«Елімізде «Яндекс.Такси» және тағы басқа такси парктерінің жүргізушілері бар. Мысалы, бүгін мен жұмысқа таксимен келдім. Жолақысын мобилді аударым арқылы төледім. Ақша такси жүргізушісінің әйелінің атына түсті. Енді такси жүргізушілері, курьерлер салықты қалай төлейді? Олар үшін салықты компания төлей ме?» - деді әріптесіміз.

Ержан Біржанов такси жүргізушілері заң аясында жұмыс істегісі келсе, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керектігін атап өтті.

Қазір такси жүргізушілері үшін арнайы салық режимі бар. Заңға сәйкес, олар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мобильді қосымша арқылы 1% салық төлей алады. Талап бойынша олар міндетті түрде салық органдарына келіп, тіркелуі керек немесе мобильді қосымша  арқылы онлайн (жеке кәсіпкер болып) тіркеле алады. Оларға жағдай жасалған, - деді вице-министр.

Сондай-ақ ол Салық кодексіне өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін айтты.

Дегенмен жаңа талаптар шеңберінде біз операторды салық төлеуші ретінде тіркеуді қарастырып жатырмыз. Осындай ұсыныс бар. Мысалы, такси жүргізушісі оператор арқылы жұмыс істесе, ол салықты оператор ұстап, бюджетке аударса, біз оны (салық төлеу) міндетінен босатуды қарастырып жатырмыз. Бұл енді болашақ кодекстің нормасы болады деп ойлаймыз. Мәселені бизнеспен талқылап жатырмыз. Қазір қолайлы жағдай бар. Такси жүргізушілері мобильді қосымша, патент арқылы (жеке кәсіпкер ретінде) тіркеліп, 1 пайыз салық төлеуі керек.

Қазір олар қызмет атқарып, қолма-қол ақша алатын болса, ондай жағдайлар бізде жиі тіркеліп жатыр. Операторлар тарапынан мұндай жүргізушілердің рейтингі төмендеп, тапсырысы азаюы мүмкін. Сондықтан олар (такси жүргізушілері) заңды жерде жұмыс істеуі керек деп ойлаймын», - деді Ержан Біржанов.

Сөз соңында ол қарапайым қазақстандықтардың мобильді аударымдары тексерілмейтінін жеткізді.

«Жеке тұлғаларға мобильді аударым бойынша шектеу жоқ. Жеке тұлғалар бұрынғыдай жеке мақсатта туыстарына, ата-аналарына мобильді аударым арқылы ақша жібере алады. Оларға шектеу қойылмаған», - деді министрдің орынбасары.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама