×

Алматы әкімдігі жаңа жылдан бастап мұқтаждарға 1 млн теңгеден көмек көрсетеді

Жуырда қалалық мәслихат тиісті шешім қабылдаған

 Еркеғали Болатұлы 31.12.2023 | 18:33
фото: Halyq Uni

Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы есте қаларлық даталар мен мереке күндеріне ақшалай төлем түріндегі әлеуметтік көмек туралы айтты. Олардың арасында жаңа жыл қарсаңындағы төлемдер де бар.

Мекеменің хабарлауынша, жуырда қалалық мәслихат тиісті шешім қабылдаған.

Алматы қаласы мәслихатының 2023 жылғы 8 желтоқсандағы №73 «Алматы қаласында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттары тізбесін айқындау ережелерін бекіту туралы» шешіміне сәйкес, біржолғы әлеуметтік көмек мереке күндеріне мұқтаж ретінде есепте тұрған көпбалалы отбасыларға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жергілікті атқарушы органнан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге тұрғын үй сатып алуға 1 миллион теңге сомасында ақшалай төлем түрінде көрсетіледі, - делінген хабарламада.

Бұл көмек мына мереке күндеріне орай беріледі:

  • Жаңа жыл – 1-2 қаңтар;
  • Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз;
  • Наурыз мейрамы – 21-23 наурыз;
  • Қазақстан халқының бірлігі мерекесі – 1 мамыр;
  • Астана күні – 6 шілде;
  • Конституция күні – 30 тамыз;
  • Республика күні – 25 қазан;
  • Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсан.

Сондай-ақ Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әлеуметтік көмектің бұл түрін көрсетумен Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы айналысатынын да түсіндірді.

Сонымен қатар, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілетін мереке күндерінің тізімі кеңейтілді. Оған енді 15 ақпан – Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін Ауғанстаннан шығару күні кіреді.

«Осы күннен бастап мәртебесі «Ардагерлер туралы» заңның 5-бабында белгіленген басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлерге 100 мың теңге көлемінде көмек көрсетіледі», - делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама