×

«Жалғыз баспанасынан шығара алмайды». Мәжіліс несие алушылардың құқығын қорғайтын заң жобасын талқылауға кірісті

Енді несие төлем қабілеті бар және жауапты қазақстандықтарға берілуі мүмкін

 Дәурен Ерболат 20.12.2023 | 10:52
көрнекі фото: Halyq Uni

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылауға кірісті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжіліс депутаты Татьяна Савельева аталмыш құжат Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін депутаттардың бастамасымен әзірленгенін атап өтті.

Заң жобасында төмендегі мәселелер қарастырылған:

  • Кредит төлеу мерзімі өтіп кеткенде азаматтарға жаңа тұтынушылық несие беруге тыйым салу;
  • 90 күн өткеннен кейін барлық кредит бойынша сыйақы есептеуге тыйым салу;
  • Банктердің және микроқаржы ұйымдарының коллекторлық агенттіктерге азаматтардың несиесін сатуды шектеу;
  • Коллекторлық агенттіктердің сатып алған берешекті реттеуді жүргізу міндетін енгізу;
  • Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі НҚА-ға сәйкес тұтынушылық қарыздың мерзімі, сомасы және өзге де шарттары бойынша шектеулерді белгілеу;
  • Балалары бар отбасыларды жылыту маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салу;
  • Өндіріп алу нәтижесінде банктің меншігіне өткен тұрғын үйді бұрынғы иесіне (қарыз алушыға) жалға беруге мүмкіндік беру;
  • Төлем талабын қойған кезде банк шотында кемінде 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі (99 мың теңге)мөлшерінде ақшаны сақтау;
  • Кредит алудан ерікті түрде бас тартқан жағдайда азаматтардың кредиті бойынша борышты есептен шығару.

Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы заң жобасында заңдарға өзгерістер енгізуді көздейтін бірқатар норма барын атап өтті.

«Бұл Қылмыстық кодекс және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске қатысты. Мысалы, жеке деректерді сатқаны, абоненттің нөмірін ауыстырғаны және абоненттік нөмірді басқа тұлғаларға заңсыз бергені үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті белгілеу.

Депутаттар бастамашылық еткен заң жобасы бойынша Үкіметтің қорытындысы 2023 жылғы 12 қарашасында алынды.

Бастамалардың көпшілігі қолдау тапты. Бірақ кейбір тұжырымдамалық ұстанымдар бойынша, атап айтқанда коллекторлық компанияларға қарыздарды сатуға тыйым салу бойынша Үкімет балама ұстаным ұсынды. Бірақ депутаттар мұнымен келіспей отыр», - деді Татьяна Савельева.

Дауыс беру нәтижесінде депутаттар заңды талқылауға кірісті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама