×

Балаларын телехикаяға түсірмек болған әйел 600 мың теңгесінен айырылды

22 жастағы тұрғынның елорда аумағында жасалған алаяқтықтың 3 эпизодына қатысы бар болып шықты

 Еркеғали Болатұлы 14.12.2023 | 17:00
фото: Halyq Uni

Елордада балаларын фильмге түсірмек болған ана алаяқтың құрбаны болды, деп хабарлады Polisia.kz.

Қала тұрғыны полицияға арызбен жүгініп, белгісіз адам тарапынан алаяқтық әрекеттердің құрбаны болғанын және ақшасынан айырылғанын айтып арызданған.

Тергеу барысында әйел WhatsApp мессенджерінің чатынан ер адамның белгілі бір сомадағы ақшаға телехикаяда рөл ұсынғаны туралы хабарландыруын көрген. Уәделеріне қызығып, әйел оған 600 мың теңге жіберіп, балалары кинода ойнайды деп үміттенген. Бірақ күдіктінің уәделері екі айға созылып, осы уақыт ішінде ол түрлі сылтау айтқан. Телехикая рөлінде ойнауды күте-күте жалыққан әйел полицияға жүгінген.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде Байқоңыр ауданының ПБ криминалдық полиция қызметкерлері қаланың 22 жастағы тұрғынын анықтады. Оның елорда аумағында жасалған алаяқтықтың 3 эпизодына қатысы бар екені анықталған. Қазір оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр, - делінген полиция хабарламасында.

Аталған фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама