×

Астанада сенімгерлік басқаруға берілген нысандарда қаржы тиімсіз жұмсалған

Тексеру комиссиясы бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалғанын анықтады

 Айнұр Шошаева 11.12.2023 | 09:52
коллаж: Halyq Uni

Астанадағы Бәйтерек, Бейбітшілік пен келісім сарайы және Тәуелсіздік сарайы 1 млрд теңгеден астам мемлекеттің бюджет қаражаты мен активтерін тиімсіз жоспарлап, пайдаланған. Бұл туралы Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясы мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

«Astana Venue Management» ЖШС квазимемлекеттік сектор субъектісінің активтерін басқару тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысында мекеменің қызметі серіктестіктің жарғысына және ел үкіметі айқындайтын қызмет түрлерінің тізбесіне сәйкес келмейтінін көрсеткен. Аталған компанияға қаладағы ірі нысандар - Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік пен келісім сарайы және Бәйтерек монументі сенімгерлік басқаруға берілген.

Аудит басқару органы тарапынан серіктестікті басқару мен бақылау тиісті деңгейде жүргізілмейтінін анықтады, - делінген ақпаратта.

Тексеру кезінде серіктестік үй-жайларды жалға беруді орташа нарық бағасынан төмен бағамен жүргізгені анықталғаны белгілі болды.

Нәтижесінде жоғалған пайда 1 161 963,4 мың теңгені, оның ішінде 2021 жылы – 357 634,3 мың теңге, 2022 жылы – 655 781,9 мың теңге және 2023 жылы 148 547,2 мың теңгені құрады. Жалпы сомасы 1 063 542,2 мың теңгеге мемлекеттің бюджет қаражаты мен активтерін тиімсіз жоспарлау және пайдалану фактілеріне жол берілген, - делінген комиссия хабарламасында.

Атап айтқанда, Тәуелсіздік сарайының ғимаратына ағымдағы жөндеу жүргізу үшін жалпы сомасы 955 875,8 мың теңгеге бюджет қаражаты пайдаланылған, содан кейін оны толық қайта жаңарту басталған. Сондай-ақ технологиялық жабдыққа сметалық пайданы есептеу нәтижесінде ағымдағы жөндеуге сметалық құжаттаманы жасау кезінде жалпы сомасы 5 181,4 мың теңге тиімсіз жоспарланған, оның ішінде 5 090,0 мың теңге пайдаланылған. Сонымен қатар серіктестік қызметіне қатыспаған шығармашылық бөлімнің еңбегіне жалпы сомасы 92 507,3 мың теңге ақы төленгені белгілі болды. Тексеру комиссиясының мәліметінше, мемлекеттің активтері басқару органының лимиттерінсіз көлік қызметтерін (Бәйтерек монументі нысанының клиенттерге қызмет көрсету қызметінің қызметкерлерін тасымалдау үшін такси қызметтері) сатып алуға 9 660,9 мың теңге сомасында тиімсіз жоспарланған және пайдаланылған.

«Серіктестіктің 2021 және 2022 жылдардағы қаржылық есептілігі бұрмаланған, оның ішінде cәйкесінше 2 937,6 мың теңгеге және 2022 жылы 2 235,6 мың теңгеге. Жалпы аудит нәтижелері бойынша жалпы сомасы 8 967,9 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар, мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану сомасы – 1 063 542,2 мың теңге, ықтимал шығындар  және жоғалған пайда сомасы – 1 161 963,4 мың теңге, 37 рәсімдік бұзушылық және 9 жүйелік кемшіліктер анықталды», - деді ведомствода.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама