×

Назарбаев Университетінде бір студентке Гарвардтан 6 есе көп ақша бөлінеді

Біз Гарвардтан 6 есе көп маман шығарып жатырмыз ба? Барлық ақша қайда кетеді? - деді ғалым

 Еркеғали Болатұлы 03.12.2023 | 17:17
фото: nu.edu.kz

Назарбаев Университетінде бір студентке 240 мың доллар бөлінеді, деп мәлімдеді Қазақстан университеттері қауымдастығының президенті Рахман Алшанов. Бұл туралы orda.kz жазды.

Назарбаев Университетінде бір студентке 240 мың доллар бөлінеді, ал Гарвардта бар болғаны 40 мың доллар. Біздікі – 6 есе көп. Біз Гарвардтан 6 есе көп маман шығарып жатырмыз ба? Барлық ақша қайда кетеді? Тексеруші органдар осыны тексерсін, - деді Рахман Алшанов Ұлттық ректорлар мектебінде сөйлеген сөзінен кейін.

Оның айтуынша, Назарбаев Университетінің бюджеті Қазақстанның барлық университеттерінің қаржысынан көп.

Бұған дейін депутат Мұрат Әбенов 15 жыл ішінде Назарбаев Университеті 15 патент алғанын, ал Қ. Сәтбаев атындағы университет ғылымды қаржыландырусыз-ақ 44 патент алғанын айтқан болатын.

Әрине, жоғары білімді дамыту қажет. Бірақ бұл қашанға дейін жалғасады? Бүгінде оларға мемлекет тарапынан, бюджеттен көмек көрсетіліп жатыр. Оларға бөлінген бюджеттің тең жартысы басқа салаларға бөлінсе ше? - деп сұрады Рахман Алшанов.

Ол бір жатақхана салуға 2 миллиард теңге қажет екенін мысалға келтірді. Егер Назарбаев университетінің бюджетін 2 есе қысқартса, 100 жатақхана салуға болады екен.

Мәселен, бүгінде Алматыда 40 мың студент баспанасыз жүр. Олардың көпшілігі жекеменшік жатақхананы, хостелдерді және түнемелік орындарды жағалайды.

Еске сала кетсек, 30 қарашада сағат 5:00-де Алматыда сондай хостелдің бірі өртеніп, құтқарушылар 13 адамның мәйітін тапқан еді...

Серіктес жаңалықтары

Сараптама