×

Ақмола облысында кәсіпкерлер «Арт спорт» бағдарламасынан ақша жымқырған

Тексеру барысында жалған секциялар мен үйірмелерді ашу, «өлі жандарды» рәсімдеу фактілері анықталды

 Динара Амантай 29.11.2023 | 15:46
Коллаж: Halyq Uni

Ақмола облысының прокурорлары «Арт спорт» бағдарламасын іске арыру барысында бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыс прокуратурасы «Арт спорт» бағдарламасын іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметіне тексеру жүргізді. Бұл бағдарлама балаларға спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуға мүмкіндік беру үшін арнайы жасалған. Жеткізушілердің үй-жайларды жалға алуы және жаттықтырушылардың жалақысы үшін барлық шығындарды мемлекет төлейді.

Алайда жосықсыз кәсіпкерлер бұл бағдарламаны бюджет қаражатын жымқыру үшін пайдаланған. Тексеру барысында жалған секциялар мен үйірмелерді ашу, «өлі жандарды» рәсімдеу фактілері анықталды.

Мысалы, Ерейментау қаласында кәсіпкер үстел теннисі және шахмат бойынша секциялар, сондай-ақ домбыра мен би үйірмелерін ашты. Сонымен қатар, домбыра және шахмат ойыны бойынша сабақтар іс жүзінде өткізілмеген. Ал қалған үйірмелерге қатысатын балалардың саны асыра көрсетілген. Ұрланған бюджет қаражатының жалпы көлемі – 6 млн теңге, – делінген прокуратура хабарламасында.

Прокуратура осы факті бойынша қылмыстық істі тіркеді, ол кейін сотқа жолданды.

Сот үкімімен аталған кәсіпкер ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі бойынша 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеуге сотталды. Мемлекетке келтірілген материалдық залал өтелді, шарт бұзылды.

Көкшетау қаласы кәсіпкерлерінің бірі волейбол және үстел теннисі секцияларын тіркеді. Екі секцияда да бірдей балалар болды, ал іс жүзінде олар тек волейболға барды, теннис сабақтары өткізілмеді. Бірақ кәсіпкер бюджет ақшасын алғаны туралы табель толтырды. 6 ай ішінде ол 1 млн теңгеден астам қаржыны иемденген, – делінген хабарламада.

Бұл іс бойынша қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды. Залал өтеліп, осы кәсіпкермен шарт бұзылды.

Прокуратура тексеру нәтижелері бойынша алаяқтық фактілерімен осындай жосықсыз кәсіпкерлерге қатысты барлығы 5 қылмыстық іс қозғалды. Мемлекетке келтірілген залал көлемі 16 млн теңгеден асты.

Қазір барлық істердің тергеуі аяқталып, 3 айыптау үкімі шығарылды. Мемлекетке келтірілген залал толық көлемде өтелді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама