×

Елімізде мемлекеттік мекемелер көлік жалдауға қанша қаражат жұмсап жүр

Көлікті 2022 жылы көлікті жүргізушісімен бірге жалға алған ТОП-10 мемлекеттік мекеме жарияланды

 Айнұр Шошаева 20.05.2022 | 17:08
фото: Жоғарғы сот

Соңғы үш жылда Қазақстан бюджетінен мемлекеттік органдардың автокөлікті жалдауға және сатып алуына 24 807 375 665 теңге жұмсалған.

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қазақстанда мемлекеттік органдар мен мекемелер автокөлік сатып алу мен жалдауға қанша қаржы жұмсап жатқанын анықтады. Нақтырақ, мемлекеттік сатып алулар порталында соңғы үш жылда орналастырылған тапсырыстарға мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде соңғы үш жылда елімізде 24,8 млрд теңге бюджет қаржысы көлікті жалдауға және сатып алуға жұмсалғаны белгілі болды.

Қоғамдық бірлестіктің мәліметінше, 2020 жылы Қазақстанда көлікті жүргізушісімен бірге жалдауға 5 156 884 802 теңге, жүргізушісіз 310 598 405 теңге жұмсалған. 2021 жылы жүргізушімен 3 985 546 307 теңге, жүргізушісіз 424 895 165 теңгеге жалданды. Ал биыл бес айда бюджеттің 404 666 437 теңгесі автокөлікті жүргізушісіз жалдауға, сондай-ақ 3 512 414 167 теңге қаржысы автокөлікті жүргізушісімен бірге жалдау үшін жұмсалғаны белгілі болды.

Көлікті 2022 жылы көлікті жүргізушісімен бірге жалға алған ТОП-10 мемлекеттік мекеменің қатарында Жоғарғы сот, Конституциялық кеңес аппараты, Президент іс басқармасы, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша соттар әкімшілігі, Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы көш бастап тұр. Сондай-ақ тізімде «Eco Almaty» ЖШС, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, Павлодар облысы әкімінің аппараты мен Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының «Фтизиопульмонология орталығы» бар.

Көлікті жүргізушісіз жалған алған мекемелердің үздік ондығының басында «Азаматтарға арналған үкімет корпорациясы тұр. Биыл бес айда бұл мекеме 39 911 048 теңгеге жалға көлік алған. Одан кейін медициналық мекемелер мен коммуналдық мекемелердің ең көп сома жұмсағаны белгілі болды.

Жалға алудан бөлек, қазақстандық мекемелер бюджет қаржысына автокөлік сатып алып жатқанын айта кетеу керек. Мәселен, соңғы үш жылда мекемелер автокөлік сатып алуға 11 012 370 382 теңге бюджет қаржысын жұмсаған, нақты айтсақ: 2020 жылы - 4 653 135 699 теңге, 2021 жылы - 6 076 663 598 теңге, ал 2022 жылдың қаңтар-мамыр айларында - 282 571 085 теңге. Бұл сомаға нақты қандай маркалы көлік сатып алынғаны туралы ақпарат жоқ, дәлірек айтсақ жасырылған. Тек санаты, көлемі мен трансмиссиясын байқауға болады. Қазақстандықтар көбіне А, В, С, D санатына жататын автоматты трансмиссия, механикалық және электр қозғалтқышы бар көліктерге тапсырыс берген. Сондай-ақ кейбір тапсырыстың сипатында жол талғамайтын, көлемі 3000 шекте см дейін деп жазылған. 

2022 жылы автокөлікке жүргізушісімен тапсырыс берушілер

сомасы

«Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты)» ММ

219 000 000

«Eco Almaty» ЖШС

170 260 099

«Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы» ММ

100 283 929

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің» Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ

99 647 000

«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі» РММ

94 200 000

«Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) Нұр-сұлтан қаласы бойынша Соттар әкімшісі» РММ

81 847 002

«Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің аппараты» ММ

75 620 000

Павлодар облысы әкімінің аппараты ММ

74 255 833

«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы»  АҚ

66 924 516

Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының «Фтизиопульмонология орталығы» ШЖҚ КМК

52 920 000

 

1 034 958 379

 

 

 

  2022 жылы автокөлікке жүргізушісіз тапсырыс берушілер

Сомасы

1

«Азаматтарға арналған үкімет "мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ

39911048

2

Ақтөбе облысының Денсаулық сақтау басқармасы мемлекеттік мекемесінің ШЖҚ «№ 2 қалалық емхана» МКК

7800000

3

БҚО әкімдігі ДСБ «№6 қалалық емхана» ШЖҚ МКК

6950000

4

«QazTrade»  сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ

6428542

5

БҚО әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының ШЖҚ «Тасқала аудандық ауруханасы» МКК

4200000

6

Батыс Қазақстан облысының әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының ШЖҚ «Ақжайық аудандық ауруханасы»  МКК

4145000

7

Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының «Ветеринариялық қызмет»  ШЖҚ МКК

3828000

8

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының «№22 қалалық емхана» ШЖҚ КМК

3595000

9

«Хоргос-Энерго» ЖШС

3000000

10

Атырау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мемлекеттік мекемесінің «Атырау облысы Су Арнасы» КМК

2640000

   

82 497 590

Серіктес жаңалықтары

Сараптама