×

Ақмола облысында мектепте мұғалімдер жалған дипломмен жұмыс істеген

Олар «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы есебінен заңсыз байымақ болған

 Динара Амантай 27.11.2023 | 11:11
Фото: gov.kz

Ақмола облысының прокуратурасы мектептерде жалған дипломдарды пайдалану фактілерін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ауылдық жерлерге жас мамандарды тартуға мемлекет ерекше назар аударады және қомақты бюджет қаражатын бөледі. Осы мақсатта, 2009 жылдан бастап бүкіл ел бойынша «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып жатыр. Ол ауылдық жерде еңбек етуге ниет білдірген мамандарға жеңілдікпен несиелер мен өтеусіз жәрдемақылар алуға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары еліміздің ауылдық жерлерінде кадрлар тапшылығы едәуір теңестірілді. Алайда «мамандар» деген атпен жекелеген адамдар жеңілдік шарттарын пайдалана отырып, бюджет қаражаты есебінен заңсыз байып жатыр.

Облыс прокуратурасы бағдарлама шеңберінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну кезінде қолданыстағы заңнаманың сақталуына талдау жүргізді. Оның нәтижелері бойынша жалған дипломдардың көмегімен жеңілдіктер алған және шарттық міндеттемелерді бұзған адамдар анықталды.

Мәселен, 2021 жылы К. жалған диплом бойынша Атбасар ауданының оқу орнында биология пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан. 2022 жылы мүліктік игіліктер алу мақсатында сол жалған дипломды пайдаланып, бағдарламаға қатысқан (4,9 млн теңге алды), – делінген хабарламада.

Осындай схеманы білім беру саласындағы тағы 12 «маман» пайдаланған. Залалдың жалпы соммасы 30 млн теңгеден асты.  

Қазір қылмыстық қудалау органдары тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр.

ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес, өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама