×

10 өңірде автосалондар сапасыз көліктерді сатқан

Тұрғындарға 168 млн теңге қайтарылды

 Дәурен Ерболат 10.11.2023 | 17:58
Фото: Sputnik / Владислав Воднев

10 өңірде автосалондардың қазақстандықтарға сапасыз көліктерді сатқаны анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің мәліметінше, биыл қазақстандықтардан комитетке 33 мыңға жуық өтініш түскен, өсім – 159%.

Оның ішінде 15 мың тұтынушыға құқықтық көмек көрсетілді, 11 мың тұтынушының талабы қанағаттандырылды, 403 өтініш бойынша бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде сапасыз қызмет көрсеткен кәсіпкерлерге 4 млн теңгеден аса әкімшілік айыппұл салынды, - деп жазылған хабарламада.

Ең көп өтініш Алматы (5 мыңнан аса), Астана (3 мыңнан аса), Шымкент (2 мыңнан аса) қалаларынан және Қарағанды облысынан (2 256 өтініш) түсті. Ең аз өтініш Ұлытау облысына (147) тиесілі.

Ең көп өтініш төмендегі салалардан түсті:

  • Бөлшек сауда – 36,7%,
  • Электрондық сауда – 19,6%,
  • Тұрмыстық қызметтер – 10,2%,
  • ТҮКШ қызметтері – 6,9%,
  • Байланыс қызметтері – 4,7%.

Биыл 9 айда (өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда) кәсіпкерлер тарапынан тұтынушылардың құқығын бұзу дерегінің өскенін, сондай-ақ тұтынушылық мәдениет пен олардың талғампаздығы артқанын аңғаруға болады.

Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Атырау облысында көппәтерлі үйлерді салу бойынша үлестік құрылыста тұтынушылардың құқығын бұзу деректері анықталды. Нәтижесінде тұтынушыларға шамамен 93 млн теңге қайтарылды.

Астана, Алматы және Шымкент қалаларында және Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды облыстарында автосалондардың тұтынушыларға сапасыз көліктерді сату дерегі жиілеп кеткені анықталды. Тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі аумақтық департаменттердің көмегімен 168 млн теңгеден аса қаражат қазақстандықтарға қайтарылды, - деп жазылған хабарламада.

Биыл 9 айда тұтынушыларға жалпы 800 млн теңге қайтарылған. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 149,2% көп.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама