×

Жоспарлы құрылыс бітпей қалған: Қажымұқан аулында спорт кешені жоқ

Ауылдағы бұл олқылықты «Әділдік жолы» РҚБ анықтады

 Ербол Тұрымбет 07.11.2023 | 12:52
Фото: Әділдік жолы

Ақмола облысы Қажымұқан аулында құрылысы бітпей, шаң-топыраққа былғанып жатқан спорт кешенінің нобайы бар. Даңқты балуанның 150 жылдығына арналған жобаның бастапқыда жоспары бекітіліп, ақшасы аударылып, жұмысы қолға алынғанымен, құрылыс нысанын электр қуатына қосуға келгенде тоқтап қалған. Жоспар дұрыс құрылмады ма, әлде кінәрат электр сымын жалғаушылардан ба, беймәлім. Әйтеуір балуанның аулында қазір жұмыс істеп тұрған спорт кешені жоқ. «Әділдік жолы» РҚБ Астана филиалының жетекшісі Дархан Құлжамбеков осындай олқылықты әлеуметтік желіде жазды.

Оның сөзінше, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауын іске асыру мақсатымен 2021 жылы Целиноград ауданы Қажымұқан аулында көпфункционалды спорт кешенінің құрылысын бастау жоспарланған. Бұл маңызды жобаға Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы тапсырыс беріп, «Дизайн Строй» ПСК» ЖШС мердігер ретінде анықталады. Ал құрылысқа қажетті 239 миллион теңге қаражатты 2021 жылдың 15 сәуіріндегі келісім бойынша «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры аударған.

Бастапқыда құрылысты 2022 жылдың 30 маусымына дейін аяқтау жоспарланған. Осы уақыт ішінде іргетасы қаланып, кейбір құрылыс материалы сатып алынған. Алайда межелі мерзімнен бір жарым жыл асып кетсе де нысан бітпеді. Соңғы мәлімет бойынша, құрылыс басқармасы осы нысанға 130 миллион теңге жұмсаған. Бірақ осы күнге дейін спорт кешені электр желілеріне қосылмай тұр. Ал мұндай спорт кешендері тұрақты жұмыс істеу үшін қалайда үздіксіз электр қуатымен жабдықталуы керек. Демек, әуелден жобаны жоспарлап, басқаруда шикілік болған деген күмәнға жетелейді.

Ауылдық жерлердегі мұндай спорт кешендері қаншалықты маңызды екені, әсіресе дене шынықтыру және спортпен шұғылдану мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өте қажет екені белгілі. Сондықтан, «егер базалық электр қуатымен жабдықтай алмаса, неге спорт кешенін әуе тірек ғимараты етіп салу туралы шешім қабылданған?» деген логикалық сұрақ туындайды.

Осы спорт кешенінің құрылысы жоспарланған сол 5 мыңнан астам халқы бар Қажымұқан аулында қазір бір де бір спорт кешені жоқ. Яғни, жұрттың спортпен айналысуына жағдай жасалмаған.

Целиноград ауданы әкімдігінің жауабына қарағанда, нысанды электрмен жабдықтау үшін тиісті техникалық сипаттамалары бар жеке электр желілерін салу қажет болып қалған. Бүгінде Талапкер ауылдық округінің әкімдігі «АЭҮК» АҚ қойған барлық ескертулерді жойған. Электрмен жабдықтауға арналған шарт жасасу сатысында. Жақын арада шарт жасалып, электр энергиясы берілмек.

Әйтсе де екі жылдан бері аяқталмаған құрылысқа енді тексеруші огандардың араласқаны дұрыс сияқты. Себебі электр мәселесінен бөлек, әуелде бұл ғимаратты кірпіштен салу қарастырылған. Бірақ артынан неге жабын материалға ауыстырылғаны белгісіз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама