×

Ұлттық банк Батырхан Шүкеновтың туған күніне орай ерекше сый жасады

BATYR BEINESI коллекциялық монеталары айналымға шығатын болды

 Динара Амантай 18.05.2022 | 10:43
Фото: Қазақстан Ұлттық Банкі

2022 жылғы 18 мамырда Қазақстан Ұлттық банкі Street art. BATYR BEINESI коллекциялық монеталарын айналымға шығарады. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

18 мамырда дарынды композитор және әнші Батырхан Шүкеновтің туғанына 60 жыл толады. Номиналы 500 теңгелік күмістен жасалған Street art. BATYR BEINESI коллекциялық монеталары «Қазақстанды монеталар арқылы таны» атты жаңа серияны ашады.

Street art. BATYR BEINESI жаңа монетасы заманауи өнер мен Батырхан Шүкеновті мәңгі есте қалдыру секілді бірден екі мағыналық желіні біріктіреді. Бұл – Қазақстан Ұлттық банкінің стрит-арт сияқты қазіргі заманғы жастар өнерін қолдауға арналған алғашқы коллаборациялық монета жобасы. Монетаның дизайнында Қазақстан стрит-артының ең жарқын жұмыстарының бірі — REPAS командасының «Батыр бейнесі» граффитиі бейнеленген. Авторлардың бастамасы бойынша оны монетаның дизайнында пайдалану құқығы Ұлттық банкке өтеусіз негізде берілді.

Монеталар proof сапамен күмістен жасалған, сынамасы – 925/1000, салмағы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, номиналы – 500 теңгелік, таралымы – 5 000 дана.

Коллекциялық монеталар нақты құнына сай Қазақстанның бүкіл аумағында төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдауға, сондай-ақ Қазақстанның банк шоттарында аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады.

Күмістен жасалған монеталар кәдесый орамында мемлекеттік тілде, орыс және ағылшын тілдерінде ҚҰБ-тың нөмірлік сапа сертификатымен шығарылады. Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған.

Монеталардың сатылымға шығатын күніне қатысты қосымша ақпарат банктің ресми сайтында жарияланады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама